Instagram 90 минуттық видеоларды сынақтан өткізе бастады

Instagram ұзақ контент түсіретін авторларға арналған Features деп аталатын жаңа видео форматын сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлайды KursivMedia.
Дүйсенбіден бастап платформа АҚШ-тағы санаулы блогерлер арасында ұзақтығы 90 минутқа дейін жететін көлденең видеоларды сынақтан өткізе бастады.
Не өзгерді?
Жаңа функция қысқа Reels видеоларын оның толық нұсқасымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Мысалы, қолданушы подкасттың қысқа үзіндісін көріп, кейін оның толық шығарылымына өте алады.
Instagram бұған дейін аталған функцияны Бразилиядағы авторлар арасында тексеріп көрген. Енді компания бағдарламаны АҚШ-та кеңейтіп, оған ондаған мың контент жасаушыны тартуды жоспарлап отыр. Жаңа видеолар қолданушыларға Шолу бетінде және платформаның басқа бөлімдерінде ұсынылатын болады.
Instagram-ға ұзақ видеолар не үшін қажет?
Instagram бұл бағытты YouTube-пен бәсекелестік жағдайында дамытып жатыр. Сондай-ақ Netflix, Disney және басқа да платформалар қолданушылардың видео көруге жұмсайтын уақытын арттыру мақсатында өз жүйелеріне подкасттар мен авторлық видеоларды қосып жатыр.
Оқи отырыңыз: Telegram-да жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңейді