Қазақстанда шипажайлардың бірыңғай тізілімі жасалады

Қазақстанда шипажайлардың бірыңғай тізілімін қалыптастыру жоспарланып отыр. Қазір елде 333 санаторий-курорттық ұйым жұмыс істейді, алайда олардың төсек-орын қоры, жүктемесі және материалдық-техникалық жағдайы туралы толық мәлімет жоқ. Үкімет бұл бағыттағы заңнаманы жетілдіруге кіріскен. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.
Министрдің айтуынша, шипажайлардың басым бөлігі жеке меншікте болғандықтан, қолданыстағы есеп жүйесі олардың қызметі туралы толық әрі нақты көрініс қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты Үкімет санаторий-курорттық ұйымдардың бірыңғай тізілімін енгізуді көздейтін түзетулер әзірлеген.
Қазір бұл өзгерістер денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты заң жобасы аясында қаралып жатыр.
Қазақстанда қанша шипажай бар
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, Қазақстанда қазір 333 санаторий-курорттық ұйым жұмыс істейді. Олардың ең көбі Түркістан облысында орналасқан.
Өңірлер бойынша көрсеткіш мынадай:
- Түркістан облысы – 117 ұйым;
- Алматы қаласы – 34;
- Алматы облысы – 22;
- Ақмола облысы – 20;
- Шымкент қаласы – 20;
- Қызылорда облысы – 17;
- Жамбыл облысы – 16;
- Қарағанды облысы – 13;
- Астана қаласы – 12;
- Жетісу облысы – 9;
- Қостанай облысы – 8;
- Абай, Ақтөбе, Маңғыстау және Павлодар облыстары – 7-ден;
- Шығыс Қазақстан облысы – 6;
- Атырау облысы – 4;
- Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары – 3-тен;
- Ұлытау облысы – 1.
Үкіметтің мәліметінше, бірыңғай тізілім шипажайлардың қызметі туралы ақпаратты жүйелеуге мүмкіндік береді.
Минералды су мен емдік балшық қоры қалай пайдаланылады
Қазақстанда шипажай саласын дамытуға қажетті табиғи ресурстар бар. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік есепте тәулігіне 64,6 мың текше метр қоры бар жерасты минералды суларының 78 кен орны тіркелген. Оның 47-сі пайдаланылып жатыр.
Бұдан бөлек, қоры 456,3 мың текше метр болатын емдік балшықтың сегіз кен орны игерілуде. Олардың ірілері – Алматы облысындағы Тұзкөл, Қарағанды облысындағы Қарасор және Павлодар облысындағы Мойылды көлі.
Алайда табиғи емдік ресурстардың бір бөлігі әлі толық пайдаланылмай отыр. Министрлік мұны инвесторлардың қызығушылығы төмендігімен және минералды суға сұраныстың жеткіліксіздігімен байланыстырады.
Осыған орай, Үкімет игерілмеген минералды су мен емдік балшық кен орындарының тізімін жасап, олар туралы ақпаратты ықтимал инвесторларға ашық ұсынуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ мұндай кен орындарын пайдалануға рұқсат алу рәсімдерін жеңілдету жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылған.
Курорттық аймақтардың инфрақұрылымы дамытылады
Үкімет курорттық аймақтардағы жол, су және электрмен жабдықтау мәселелерін шешуді жоспарлап отыр. Мәселен, Щучье-Бурабайда су жабдықтау және су бұру желілерінің 83 шақырымын жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Бұл жұмыстарға Арнайы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңге бөлінген.
Ал Абай облысындағы «Барлық-Арасан» курорты үшін жол салу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері пысықталып жатыр.
Шипажайларға қандай қолдау көрсетіледі
Үкімет шипажайларға инвестициялық және салықтық жеңілдіктер ұсынады. Сонымен қатар туристік нысандарды салу немесе жаңарту шығындарының 10%-ын өтеу қарастырылған.
Серік Жұманғариннің айтуынша, медициналық туризмді дамытуға да басымдық беріліп отыр.
«Ведомствоаралық жоспар медициналық туризмді дамытуға кешенді тәсілді көздейді. Ол мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге, шетелдік пациенттерге көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – делінген министрдің депутаттық сауалға берген жауабында.
Қазір 2026–2029 жылдарға арналған жоспар мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.
Тағы да оқыңыз: «Рахман қайнары» шипажайы инвестордың басқаруына беріледі