Қолдан келсе, қонышынан бас: Трампты жемқор дегендердің дерегі не

Жарияланды
Trump
АҚШ президенті Дональд Трамп / Фото: Reuters, Annabelle Gordon

Ел тізгінін қолға алып, былтыр екінші рет АҚШ президенті лауазымына кіріскен Дональд Трамп қызметтегі өкілеттігін жеке пайдасына асырып, сыртқы саясаттағы шешімдерін отбасы мүшелерінің бизнестегі мүдделеріне ыңғайластыра қабылдап жүр, дейді америкалық Tangle жаңалықтар ресурсының бас редакторы Исаак Сол.

Трамптың екінші өкілеттік мерзімінің өткен 15 айындағы қызметіне талдау жасаған журналистің сөзінше, ел басқарған тұлғаның «қолдан келсе, қонышыған бас» деген ұстанымға салып, осылайша құныққаны – АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған жайт әрі бұған биліктің жауапты тармақтары көз жұма қарап отыр. Kursiv Media И.Солдың жинап, жүйелеп баяндап берген деректерін қорытып, оқырман назарына ұсынып отыр.

Жаңа валюта

Трамптың көлденең табыс тауып, байып отырғанына септескен бірден-бір үлкен сала – криптовалюта. Мәселен, 2024 жылы Трамп әулеті World Liberty Financial атты крипто-компания ашып, Трампты сонда «құрметті тең құрылтайшы» етіп көрсеткен. Компания 2025 жылдың соңына таман шамамен 1 млрд доллардай пайда тапқан, ал оған қарасты сатылмаған криптовалюта токендерінің жалпы құны 3 млрд долларға жеткен екен. Яғни осы бір жаңа байлығы бұл әулеттің иелігіндегі бұрыннан бар көптеген жылжымайтын мүліктің жиынтық құнынан асып түскен.

Оқи отырыңыз: «Бұл мәміле маған емес, саған керек!» – Трамптың шарттасу мәнері туралы не білеміз.

Фото: Reuters/Jonathan Ernst, бильд-редактор: Милош Муратовский

Осындай табыс әкеліп отырған салаға шектеу қоймай, жекеменшік цифрлық валюталардың кең етек жаюына жағдай жасайтын заң жобасын қабылдауға Трамптың өзі мұрындық болған. Былтыр World Liberty Financial бір акционерлік компанияны сатып алып, ол компания нарықтағы инвесторларға акцияларын ұсынып, 750 млн доллар қаражат жинаған. Жинаған қаражатын World Liberty Financial-дың криптовалютасын (WLFI токендерін) сатып алуға жұмсаған, бірақ токендерді нарықтағы әлдебіреуден емес, World Liberty Financial компаниясының өзінен алған. Демек, үлкен компания қарамағына өткен шағын фирмаға сырттағы инвесторлардан ақша жинатып, сол ақшаға өз токендерін өткізіп пайда тапқан-ды.

Инаугурациясына санаулы күн қалғанда, Трамп $TRUMP атты жеке «мемкоинін» іске қосты. Нақтылы құны белгіленбеген, технологиялық мақсаты айқындалмаған криптовалютаның бұл түрінің бағасы толықтай әлеуметтік желідегі хайпқа байланысты болады. Иесі тынбай жарнамалаған бұл мемкоиннің бағасы бір түннің ішінде 300%-ға шарықтап, 19 қаңтарда рекордық 74,27 доллар деңгейіне жеткен.

Содан бері $TRUMP-тың бағасы күрт құлдырап, 97%-ға құнсызданды. Трамптың қолдан тудырған дүрбелеңіне сенген біраз салымшы біраз ақша жоғалтты, ал Трамп, керісінше, осы бір бастамасының арқасында байып алды. The Financial Times басылымының есебіне сенсек, ол бар-жоғы 350 млн доллар тапқан.

Трампқа қатысты айтылатын «криптоның жыры» тек баюдың құралына ғана емес, сондай-ақ «ым-жымы бір» мүдделі тараптардың сөз байласқан тірлігіне де сілтейді. Мұның бір жарқын мысалы — крипто-миллиардер Джастин Санның ісі. Оған кезінде АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясы (SEC) алаяқтық жасады деп айып тағып, тергеу бастаған.

Істі болған Сан тергеу жүріп жатқан шақта World Liberty Financial-дың жалпы құны 75 млн доллар шамасындағы WLFI криптовалютасын сатып алып, артынша осы компанияның кеңесшісі қызметіне өткен. Инвестордың осы әрекетінен соң, SEC тергеуін жиыстырып, Санға 10 млн доллар төлетіп, мәмілеге келген. Осылайша, айыпкер бұдан да қомақты айыппұл төлеп, түрмеге қамалудан аман қалған. Мұны жай ғана сәйкестік дейтіндер табылар.

Осы орайда атап өтуге тұрарлық тағы бір кейіпкер – Binance криптобиржасының негізін қалаушы Чанпэн Чжао.

Binance криптосының негізін қалаушы Чанпэн Чжао / фото: REUTERS/Tyrone Siu
Чанпэн Чжао / Фото: Reuters, Tyrone Siu

Оған 2023 жылы криптобиржасы АҚШ заңдарын бұзып, ақшаның ізін жасыратын схемаларға қатысқан деген айып тағылған еді, бірақ Чжао WLFI валютасын Binance платформасында саудалауға рұқсат беріп, атын шығаруға көмектескеннен кейін көп ұзамай Трамп оған рақымшылық жасаған. Чжао Трамптардың бизнес-серіктесіне айналып, әулеттің крипто-империясын кеңейтуге атсалысқан.

Tangle редакторы И.Сол шетелдіктердің Трамппен байланысты құрылымдарға криптоинвестиция жасаған жайттарын іс жүзінде «пара беруге» барабар фактілер деп сипаттайды. Мәселен, Трамптың инаугурациясынан бірнеше күн бұрын, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) президентінің бауыры, Таяу Шығыстағы ең ықпалды саясаткерлердің бірі шейх Тахнун бен Заид Әл Нахайянға қатысы бар деген фирма Трамп әулетіне тиесілі заңды тұлғалармен келісім жасасып, WLFI-дың 49% үлесін (жалпы құны 500 млн доллар) алған. Трамп билікке келгеннен кейін, оның әкімшілігі бұған дейін ұлттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында күшінде болған тыйымды алып тастап, БАӘ-ге Nvidia компаниясының 500 000-ға жуық озық ЖИ-чиптерін сатуға рұқсат берген.

Бітімгер кейпінде

Трамптың туыстары ел ішіндегі бизнес саласында ғана емес, елдің атынан өкілдік ететін халықаралық сахнада да белсенді. Мәселен, президенттің күйеу баласы Джаред Кушнер, Конгресс мақұлдаған өкілеттігі немесе әкімшілікте ресми қызметте болмаса да, Ирандағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге араласып, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнаулы өкілі міндетін атқарып жүр.

АҚШ эмиссарлары (сол жақта) C.Уиткофф (төсбелгі таққан) және Д.Кушнер / Фото: AFP

Ол Affinity Partners жеке инвестициялық фирмасының басшысы. Бұл ұйымға 2022 жылы Сауд Арабиясының әл-ауқат қоры 2 млрд доллар инвестиция салған. Ал саудиялықтар сол аймақтағы басты жауы — Иранға қарсы соғыстың тоқтауына мүдделі емес, демек Трамп бұлардың да мүддесін ескеріп әрекет етіп отырғанға ұқсайды, дейді Сол.

Трампқа тиесілі бизнес құрылымдарын біріктірген ірі конгломерат – Trump Organization саудиялықтармен Trump Tower Jeddah және Сауд Арабиясындағы басқа да жылжымайтын мүлік жобаларын іске асыру үшін серіктестік құрып жатыр. Өңірдегі тағы бір бай ел – Катар Трампқа 400 млн доллар тұратын зәулім президент ұшағын сыйға тартып, оның крипто-жобасына инвестиция құйған. Есесіне АҚШ 2026 жылдың наурызында бұл елге құны 1,96 млрд доллар қару-жарақ сату мәмілесін құптаған.

Дональд Трамп Қатардың король отбасы тарту ететін ұшақты президенттік қызметін атқарып жүрген кезеңде пайдалануы ықтимал / REUTERS/Kevin Lamarque
Дональд Трампқа Қатар королі тарту ететін ұшақ / Фото: Reuters, Kevin Lamarque

Бұған қоса, Трамптың қонақ үйлері елдің дипломатиялық іс-шараларын өткізіп, пайда табудың құралына айналған. Айтпақшы, биыл желтоқсанға жоспарланған G20 саммиті Trump National Doral Miami қонақ үйінде өтеді, бұл жерді Трамп таңдаған.

2025 жылдың басында Трамп Ақ үйдегі қызметі кезінде жеке бизнес-мүдделерін қалай реттейтінін нақтылайтын «этикалық келісім» сипатындағы арнаулы құжат жариялаған.

Оны іс жүзінде түкке тұрғысыз, пәрменсіз деп сипаттаған Солдың айтуынша, Трамп азаматтарға берген уәдесінде тұрмады: бұл құжатта Trump Organization ұйымы «күнделікті қалыпты қызмет түрлеріне қажет жайттарды» қоспағанда, шетел үкіметтерімен тікелей ешқандай мәміле жасаспайды делінген. Солай бола тұра, Трамптар тіпті осы бір болмашы шарттың өзін бұзған сыңайлы.

Ел ішінде

Шетел ауқаттыларының ақшасын дәметкен Трамп, реті келіп тұрғанда, отандастарынан да ақша сылып алудан не басқа да бұйымтай сұраудан тартынбайды-мыс. Мысалы, Trump Organization 499 доллар тұратын Trump Mobile бренділі телефонын шығаратынын хабарлаған, арнаулы тарифі үшін айына қосымша 47.45 доллар төлеу керек. Трамптың ұйымы бұл телефонды өзі жасамайды, байланыс қызметін де көрсетпейді (желі операторы қызметін Liberty Mobile Wireless фирмасы атқарады). Соған қарамастан Трамп бұл жобаға өз атын пайдалануға лицензия беріп, президент брендтін алға салып, қызметте отырған кезінде оны жарнамалап, осының бәрінен қомақты пайда таппақ.

Бельгия зергерлерінің Трампқа тартуы — асыл тасты алтын жүзік / Фото: AWDC

Бақсаңыз, Трамптар табыс табудың жаңа амалдарын іздеп қиналған отбасы емес. Былтыр көктемде Трамп әулеті Вашингтонда Executive Branch деп аталатын эксклюзивті клуб ашқан, мүшелік жарнасы — 500 000 доллар. Ал Трамптың Truth Social әлеуметтік желісінің бас компаниясы президент аты-жөнінің бірінші әріптерінен құралған DJT тикерімен көпшілікке ашық саудаланатын ұйым ретінде биржаға шықты; Трамптың өзі бұл компанияда үлкен үлеске ие әрі акцияларының құны президенттің саяси бағына қарай құбылып тұрады.

The Washington Post басылымының иесі әрі Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос президенттің жұбайы Мелания Трамптың өмір жолы туралы деректі фильм түсіру жобасын қаржыландырған. Бұл жоба Меланияға шамамен 28 миллион доллар табыс әкелді.

61 жастағы Джефф Безос екінші рет үйленеді / фото: REUTERS/Guglielmo Mangiapane
Джефф Безос / Фото: Reuters, Guglielmo Mangiapane

Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде The Washington Post газетінің ол туралы сыни мақалалар шығаратынына ашуланған президент Безостан өшін алу үшін көмекшілеріне ыңғайы келгенде «Amazon жөнелтілімдерін АҚШ поштасы арқылы жеткізу тарифтерін қымбаттатыңдар» деп нұсқаған-ды. Ал осы күндері Трамп пен Безостың арасы жақсы. Себебін түсініп отырған шығарсыздар.

Жемқор жүйе

Трамптың тұсында бүтін бір «рақымшылық экономикасы» деген жүйе қалыптасты, дейді Сол. Бұл жүйеде Трамптан рақымшылық алып бере алатын делдалдар баршылық.

Бұл жүйеде инвесторлар мен донорларды тақырға отырғызып, бас бостандығынан айырылуға шақ қалған ауқатты, жемқор топ-менеджер не халық қалаулылары бір миллион доллардай ақша тауып, таныс делдалға хабарласып, қудалаудан құтылып кете алады-мыс.

И.Солдың сөзінше, түптеп келгенде, мәселе мемлекет басшысының қызмет бабын, артықшылықтарын өз пайдасына асырып жатқанының әлдебір жаңалық болып тұрғанында емес. Бұл елдің бұрынғы басшыларының да қызметін асыра пайдаланып, байығаны рас. Мәселе – қазіргі басшының бұқара бұрын көрмеген ауқымда, еш шімірікпестен, жалғанды жалпағынан басып, құлқынын ашып отырғанында.

Жалғасы бар.

Сондай-ақ оқыңыз