Соңғы 3 жылда Балқаш көліне 40 миллиард текше метр су жіберілді

Соңғы үш жылдың ішінде Балқаш көліне шамамен 40 миллиард текше метр су құйылып, бұл көлдің су деңгейін бірқалыпты ұстап тұруға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Kursiv Media.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, су көлемі жылдар бойынша былай бөлінді:
- 2024 жылы – 15,9 млрд текше метр;
- 2025 жылы – 13,9 млрд текше метр;
- Биыл жыл басынан бері – 9,7 млрд текше метрден астам.
Балқаш көлін сумен қамтамасыз ету трансшекаралық Іле өзенінің ағынын реттеп отырған Қапшағай су қоймасы арқылы жүзеге асады. Алдыңғы екі жылда Қапшағай су қоймасы 100% толса, биылғы көрсеткіш 98%-ды құрады.
«Іле өзені арқылы Балқашқа келетін су көлемі көпжылдық орташа көрсеткішке сай келеді. Бұл көлдегі су деңгейін тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік беруде. Қазіргі таңда Балқаштың су деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша теңіз деңгейінен 341 метр белгісінде сақталып тұр», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар, министр қазіргі уақытта француз сарапшыларымен бірлесіп, Балқаш көлін 2040 жылға дейін сақтауға арналған бас жоспар әзірленіп жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта далалық зерттеулер аяқталып, жиналған мәліметтерге талдау жүргізілуде.