Ыстанбұлда қаза тапқан қазақстандық бойжеткеннің өлімі: күдіктілер босатылды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Ыстанбұлда қаза тапқан қазақстандық бойжеткеннің өлімі: күдіктілер босатылды / Фото: Shutterstock

Түркияның Ыстанбұл қаласында жұмбақ жағдайда қаза тапқан 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханованың өліміне қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.

DHA агенттігінің жазуынша, бойжеткеннің көршісі мен сүйіктісі деп болжанған азамат елден кетуге тыйым салынып, сот бақылауымен босатылды. Сондай-ақ, оқиға орын алар алдында бойжеткенді таспалап алған бейнебақылау камераларындағы жазбалар жарияланды.

Күдікті ретінде ұсталғандардың бірі – 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. Ол Айсұлу Бекмаханова­мен бірге тұрған. Екінші күдікті – 35 жастағы дүкен иесі Мазхар Т.

Қайғылы оқиға алдындағы жағдай

Түркиялық журналистер Айсұлу Бекмаханова қаза таппай тұрып түсірілген фотосуретті жариялады. Суретте қыз көрші ғимараттың шатырының шетінде отырған. Фотосуретті марқұммен бірге тұрған Дарья түсіргені анықталды.

Дарья полицияға берген жауабында таңғы сағат 08:15 шамасында құрбысын шатырдан көргенін айтқан. Ол қыздан кері қайтуын сұрағанымен, Айсұлу бас тартып, оған ұйықтай беруін ұсынған.

Кейін Дарья қатты музыкадан оянып, бөлмеде құрбысының жоқ екенін байқаған. Сыртқа қараған кезде көрші ғимараттың шатыры бүлінгенін көріп, төменде қимылсыз жатқан Айсұлуды байқаған.

Тергеу барысында қыз қаза болардан аз уақыт бұрын ықтимал сүйіктісімен кездескені де анықталған. Ер адамның айтуынша, Айсұлу оның үйіне таңғы сағат 05:30 шамасында келіп, 07:40-та кеткен.

Қазіргі уақытта полиция қыздың шатырға қалай және қандай себеппен шыққанын, сондай-ақ құлау алдында не болғанын анықтап жатыр.

Бұған дейін не белгілі болды?

Қайғылы оқиға 25 қазан күні Ыстанбұлдың Шишли ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Айсұлу Бекмаханова өзі тұрған ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтпек болған. Сол кезде ол шатырдағы берік емес жабынға басып, төменге құлаған болуы мүмкін. Қыз оқиға орнында көз жұмды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі отандасымыздың қаза тапқанын растаған. Ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсеновтің хабарлауынша, қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.

Министрлік Түркияның құзыретті органдары жүргізіп жатқан тергеу барысын бақылауда ұстап отыр. Оқиғаның нақты мән-жайы әзірге анықталған жоқ. 

Сондай-ақ оқыңыз