Жамбылда заңсыз миграцияны ұйымдастырған шетелдік әйел сотталды

Жамбыл облысында Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар шетелдік әйел мен оның сыбайласы шетел азаматтарын елге заңсыз кіргізгені үшін сотталды, деп хабарлайды Kursiv Media.
Облыстық соттың баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, олар өз «қызметтері» үшін 350 мың теңге мен 900 доллар аралығында сыйақы алып отырған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, әйел шетелдіктерді заңсыз өткізуді ұйымдастырса, оның сыбайласы шекарадан өткендерді қарсы алып, қауіпсіз жерлерге тасымалдаған.
2025 жылдың желтоқсанында олар Өзбекстан азаматын 350 мың теңгеге заңсыз шекарадан өткізіп, Меркі ауданындағы шаруа қожалығына орналастырған. Бір айдан кейін тағы бір Өзбекстан азаматын 900 долларға өткізбек болғанда, оларды шекарашылар ұстап алды.
Меркі аудандық соты екеуін де алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз миграцияны ұйымдастырғаны үшін айыпты деп таныды.
Апелляциялық алқа Рақымшылық заңын қолданып, екеуіне де 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ал қарауында үш кәмелетке толмаған баласы бар айыпталушы әйелге жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, осыған дейін Нұрлы жол вокзалында заңсыз көші-қон арнасының жолы кесілгені туралы жазған едік.