14 сарбаздың қазасы: Ерлан Қарин тергеуге қатысты ақпарат берді  

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Вице-президент Ерлан Карин раскрыл детали расследования трагедии в Актау
фото: Серікжан Ковланбаев

Маңғыстау облысында 14 сарбаздың қазасына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Бұл туралы вице-президент Ерлан Қарин жазды.

Айтуынша, құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

«Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр және Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында», – деді Қарин.

Сарбаздардың қазасынан кейін арнайы қор құрылған. 

«Қазақстан халық кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер, меценаттар және басқа да азаматтар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқаратын қоғамдық комиссия жасақталды. Комиссияның негізгі міндеті – жиналған қайырымдылық қаражатын әділ әрі ашық бөлуді қамтамасыз ету», – дейді вице-президент. 

Аудит нәтижесі жеті күнде шығады

Айтуынша, қаржы және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағдайына жүргізілген аудиттің алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде шығады.

«Мемлекет басшысы он күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды. Президент атап өткендей, реформаның басты міндеті – әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірі негізгі басымдыққа айналатын жаңа үлгідегі армия құру», – деп жазды Қарин.

Сарбаздардың қазасы

2026 жылдың 24 қыркүйегінде Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге ағыс алып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты. Іздеу-құтқару операциясы 25 қыркүйекте аяқталды.

Содан кейін 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. 

Осы жағдайдан кейін президент қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құру туралы айтты.

Сондай-ақ оқыңыз