Арзан қысқы дөңгелек іздегендер алаяқтарға алданып жатыр

Қазақстанда қысқы шиналарды интернет арқылы сатып алмақ болған жүргізушілер алаяқтардың арбауына түсіп жатыр. Бұл туралы КурсивАвто Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақшаны асығыс аударуға үгіттейді
Алаяқтар сауда платформаларында, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде хабарландыру жариялайды. Олар қысқы шиналарды нарықтағыдан арзан бағамен ұсынып, сатып алушылардан алдын ала кепілақы аударуды немесе тауардың толық құнын төлеуді сұрайды.
Ақшаны тезірек аударту үшін алаяқтар сұраныстың жоғары екенін және тауар саны шектеулі екенін айтып, сатып алушыны асықтырады. Ақшаны алғаннан кейін хабарламаларға жауап бермей, сатып алушыларды бұғаттап, хабарландыруларын өшіріп тастайды. Соның салдарынан көлік иелері ақшасынан айырылып, қысқы дөңгелексіз қалады.
Алаяқтарға алданып қалмау үшін не істеу керек?
Ішкі істер министрлігі интернет арқылы шина сатып алғанда мына ережелерді сақтауға кеңес береді:
- тауарды алмай тұрып, бейтаныс сатушыларға алдын ала ақша аудармау;
- әдеттегіден тым арзан ұсыныстарға күмәнмен қарау;
- мүмкіндігінше шиналарды ресми дүкендер мен сенімді сауда орындарынан сатып алу;
- төлем жасамас бұрын тауардың бар-жоғын және жағдайын жеке тексеру;
- күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк деректері мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу.
Егер алаяқтардың құрбаны болсаңыз, полицияға дереу 102 нөмірі арқылы хабарласу қажет.
Тағы да оқыңыз: Қысқы дөңгелекке қашан ауысу керек: маман кеңесі