Елдегі ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады

Жаңа жылдан бастап елдегі ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында айтты.
«Жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Үкіметке ең төменге жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруіді тапсырамын», – деді президент.
Айтуынша, бұл өзгеріс 1,8 млн адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан аса қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ президент алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіне қатысты да өзгеріс болатынын айтты.
«Жалпы практика дәрігерлерінің өкілетін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды. Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді», – деді президент.
Бұған дейін президент мемлекеттік көмекті шын мұқтаж адамдарға ғана берілетіндей жүйе құруды тапсырды.