Көкшетауда жанармайдың құрамынан су мен қоспалар анықталды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Көкшетаудағы бекетте бензиннен су мен қоспа анықталған
Көкшетаудағы бекетте бензиннен су мен қоспа анықталған / фото: Unsplash

Көкшетауда жанармай құю бекетінен шыққан 10-нан астам көлік жол бойында тоқтап қалған. Кейін анықталғандай жанармайдың құрамынан су мен бөгде қоспалар анықталған, деп хабарлайды Kursiv Media.

31 арнаның дерегіне қарағанда, Зеренді тасжолына шыға берістегі жанармай бекетінен бензин құйған 15 автокөлік бірден істен шыққан. Жүргізушілер қалаға жаяу жетуге мәжбүр болған.

Көкшетау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, сапасыз бензин құйылған барлық көлік жанармай жүйесін тазалау үшін техникалық қызмет көрсету станцияларына жіберілді. Ал жанармай бекетінің басшылығы ресми түсініктеме беруден бас тартты. Бірақ көлік иелеріне келтірілген шығынды толық өтеп беруге кепілдік беретін хаттар таратқан.

Техник маман сапасыз жанармай салдарынан қозғалтқыштар мен отын жүйесі зақымдалғанын және оны жөндеу қымбатқа айналатынын айтты. Арасында тіпті қозғалтқышы істен шыққан көліктер бар. Сарапшылардың айтуынша, зардап шеккендердің саны 15-тен асуы мүмкін, алайда тек осы 15 жүргізуші ғана жанармайды дәл осы бекеттен құйғанын түбіртек арқылы дәлелдей алған.

Қоспалар бензинге қалай түскен?

Мамандар бензин сапасының нашарлауын бірнеше себеппен түсіндіреді. Біріншіден, өндірістен сатуға дейінгі жеткізу тізбегін толық бақылау қиын болғандықтан, бөгде қоспалар делдалдар деңгейінде түсуі мүмкін. Екіншіден, күзгі мезгілдегі температура ауытқуына байланысты жанармай сақталатын цистерналарда конденсат жиналып, отынға су араласып кетуі де мүмкін.

Жанармай сапасын тексеру күшейеді

Еске сала кетейік, биыл тамыз айында Қазақстанда АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасына қатысты шағымдар көбейген. Осыған байланысты Энергетика министрлігі Павлодар мұнай-химия зауытындағы бензин сапасын тексеруге кірісті.

Павлодар мұнай-химия зауыты өзі шығаратын АИ-95 және АИ-98 маркалы жанармай мемлекеттік стандартқа сәй деп мәлімдеген еді.

Сауда және интеграция министрлігі өз кезегінде жүргізушілердің шағымдарынан кейін бензин сапасын өндірістен бастап сатуға дейінгі барлық кезеңде тексеретінін хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз