Отандық өнімдердің нарыққа шығуына әдейі кедергі жасалып отыр – Тоқаев

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда отандық өндірушілердің, әсіресе азық-түлік кәсіпорындарының ішкі нарыққа шығуына әдейі кедергі жасалып отыр. Сонымен қатар импорттық тауарлардың бағасын қолдан төмендету фактілері бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны жемқорлық деп атап, бизнестің жұмысына заңсыз кедергі келтіруді тоқтатуға шақырды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында айтты.

Президенттің сөзінше, кәсіпкерлердің экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға тартылуына қатысты шағымдар әлі де түсіп жатыр. Осыған байланысты ол экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Тоқаев кәсіпкерлерге, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдеріне тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу керектігін айтты. Алайда бұл талап кей жағдайда сақталмай отыр.

«Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар», – деді президент.

Мемлекет басшысы импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп, ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығуы әдейі шектелетін жағдайларға назар аударды.

«Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек», – деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, мұндай әрекеттер қазақстандық компаниялар мен тауарлардың бәсекеге қабілетін әлсіретеді. Егер оған қатаң тосқауыл қойылмаса, ел экономикасына зиян келуі мүмкін.

«Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас», – деді мемлекет басшысы.

Осыған байланысты президент кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіріп, нығайту қажет екенін айтты. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында да жүргізуге болатынын атап өтті.

Тағы да оқыңыз: Тоқаев бизнеске тағы үш жылға мораторий енгізуді ұсынды

Сондай-ақ оқыңыз