Ozon дрон шабуылдарынан 30 млрд рубльден астам шығынға ұшырады

Ресейлік Ozon маркетплейсі дрон шабуылдарынан қоймаларына келген шығынды 30,1 млрд рубльге бағалады. Биыл тамыздан бастап компания қоймаларында дрон шабуылынан 11 рет өрт шыққан. Бұл туралы Ozon-ның үшінші тоқсандағы қаржылық есебінде жазылған деп хабарлайды Kursiv Media.
Мұндағы шығын дегенде сатуға арналған тауарлардың бүлінуін, ғимараттар мен жабдықтардың зақымдануын және басқа да залалдарды атап өтеді.
Ozon зардап шеккен нысандардағы тауарлар мен активтердің бір бөлігі сақтандырылғанын хабарлады. Қазір компания сақтандырушылармен өтемақы төлеу мәселесін талқылап жатыр. Алайда төленетін өтемақы жалпы шығынды толық жаба алмауы мүмкін.
Дегенмен компанияның қаржылық көрсеткіштері өскен. 2026 жылдың шілде-қыркүйек айларында Ozon-ның таза пайдасы 3,7 млрд рубль болды. Маркетплейстің жалпы айналымы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 42%-ға өсіп, 1,6 трлн рубльге жетті.
Компания дрон шабуылдарын бизнестің жұмысына әсер ететін маңызды тәуекелдердің бірі деп атады. Мұндай шабуылдар жұмыс процесін уақытша тоқтатып, қосымша шығындарға әкелуі мүмкін. Сондықтан Ozon бұл тәуекелді азайту үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр.
Биыл тамыз-қыркүйек айларында Украина дрондары Ozon маркетплейсінің қоймаларына бірнеше рет шабуылдаған. Кемінде бес қаладағы логистикалық орталықтарға зақым келді. Осыдан кейін маркетплейс сатушыларға тауарларын Алматы мен Астанадағы қоймаларға орналастыруды ұсынған.