Қайрат Боранбаев жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды

Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев жазадан мерзімінен бұрын босатылып, полицияның пробациялық есебінен шығарылды. Бұл туралы KursivMedia тілшісіне ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады.
Қайрат Боранбаев Жапониядағы V Азия Пара ойындарына, одан кейін Лондонда өткен «алтын доп» табыстау рәсіміне қатысты. Содан кейін кәсіпкердің шетелге шығуына қатысты сұрақ туындады.
Смотреть в Threads
Айта кетейік, 2022 жылдың наурызында Қайрат Боранбаев істі болып, 2023 жылы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім апелляция сатысында қаралғаннан кейін жаза мерзімі 6 жыл болып өзгерді. Бір айдан кейін Ақмола облысы Зеренді аудандық соты Қайрат Боранбаевтың жазасын бас бостандығын шектеуге ауыстырды. Осылайша жазаның өтелмеген бөлігін Боранбаев пробациялық бақылауда жүріп өтейтін болды.
Комитеттің хабарлауынша, Боранбаев жазаның өтелмеген бөлігінен шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрап сотқа жүгінген. Артынша сот өтінішті қабылдап, кәсіпкер пробация қызметінің есебінен шығарылды.
«2026 жылдың 1 маусымындағы сот қаулысының негізінде Боранбаев бас бостандығын шектеу түріндегі жазасының қалғанын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. 2026 жылдың 18 маусымында пробация бөлімінің есебінен шығарылды», – деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, пробациялық бақылаудағы азаматтың шетелге шығуы жазаны өтеу тәртібін бұзу болып есептеледі. Қайрат Боранбаев пробациялық бақылаудан шығарылған, сол себепті бұл заң бұзу болып саналмайды.