Қызылордада қайтыс болған жасөспірімнің туыстары әділдік сұрайды

Қызылордада кісі қолынан қайтыс болған 14 жастағы жасөспірімнің туыстары әділдік сұрайды. Олардың сөзінше, күдікті бұған дейін де марқұмға бірнеше рет тиіскен, деп жазады Kursiv Media «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.
Марқұм Нұрислам Раушанбек отбасының шағын кәсібі болған. Сол күні ол қаладағы орталық алаңға келіп, анасына сауда жасауға көмектескен. Сол кезде тура жанында жұмыс істеп тұрған басқа кәсіпкердің қызметкері, өзі құралпы жасөспіріммен дауласып қалады.
«Ол (күдікті – ред.) сол жерде жалданып жұмыс істейтін. Маған өзі келіп, «тәте бұрауышты мен тықтым, полиция шақырмаңызшы» деген. Бірақ артынан екі жігіт келіп, мойнына ұстап, ары қарай алып кетті. Бір-ақ күнде болған жағдай емес. Бұған дейін де бірнеше рет жанжалдасып қалған», – дейді марқұмның анасы Меруерт Таңатова.
Оның сөзінше, көз алдында күдікті келіп, ұлының кеудесінен бұрауышты суырып алған. Нұрисламды ауруханаға апарады, бірақ оны аман сақтап қала алмайды.
Жасөспірімнің туыстарының сөзінше, сол маңайдағы басқа кәсіпкерлер бірнеше рет Нұрисламды бопсалап, қорқытқан. Жас баланың мұндай қылмысқа өз бетімен баруы мүмкін емес деген олар оның артында тұрған адамдарды да анықтау қажет дейді. Әділдік сұрап, істің ақ-қарасы анық тергелуін сұрайды.
Қазір осы іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Жасөспірімге қатысты басқа адамның өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын қасақана келтірді деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар баланы тәрбиелеу міндетін орындамау фактісі бойынша да тергеу басталды. Полиция мәліметінше, кәмелетке толмаған күдікті ұсталып, облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
Күні кеше Қызылордада болған тағы бір қайғылы жағдай туралы жазған едік. Бір топ бала дәмхана маңында 20 жастағы жігітті пышақтап кеткен. Маркұмның туыстарының айтуынша, бұл іске 12 адам қатысты болуы мүмкін. Әзірге полиция үш күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.