Щучинскідегі 12 адамның қазасы: ұлынан айырылған әке 50 млн теңге өтемақы талап етті

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: ТЖМ

Щучинск қаласында 12 адам қайтыс болған «Центр плова Loft» дәмханасындағы жарылысқа қатысты істі сот алқасы қарап жатыр. Бұған дейін қылмыстық іс аясында дәмхананы жалға алушы мен автогаз құю станциясының директоры 7 жылға, ал газ жеткізуші 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Апелляция барысында жәбірленушілер дәмхана иесі Хасан Мусхаджиевтің жазасын жеңілдетуді сұрады. Сот отырысының видеосын журналист Айгүл Узекова жариялаған. 

Жәбірленушінің бірі Татьяна Казанцева сотталғанның отбасылық жағдайын ескеруді сұрап отыр. Сөзінше, Хасан Мусхаджиев тағылған айыпты мойындаған. 

«Ұзақ уақыт қоғамнан оқшаулау сотталғанның өзіне ғана емес, оның жақындарына да әсер етеді. Балалары, анасы және басқа да туыстары бар. Хасан Мусхаджиевті жауапкершіліктен босатуды сұрап отырған жоқпын. Кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне өкінгенін, келген залалды өтегенін ескеріп, әділ жаза беруді сұраймын», – деді әйел. 

Жәбірленуші Владимир Евдокимов сотталғанның жазасын қатаңдату қажет деп санайды. 

«Мусхаджиевке берілген жазаны өзгертіп, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Талап-арыз талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, Мусхаджиевтен 40 млн теңге, Домбровскийден 5 млн теңге, Сегізбаевтан 5 млн теңге өндіруді сұраймын», – деген жәбірленуші Владимир Евдокимов.

Kazinform.kz хабарлауынша, 50 млн теңге өтемақы сұраған ерлі-зайыпты жарылыс кезінде ұлынан айырылған.

Айта кетейік, дәмхана иесі кісі өліміне, адамдардың денсаулығына ауыр зиян келтіруге және ауыр зардаптарға әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын абайсызда бұзғаны үшін сотталды.

Ал Виктор Домбровский мен Шеген Сегізбаев екі адам адамдардың өліміне және денсаулығына зиян келтірілуіне әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтерді көрсеткені үшін сотталды.

Щучинскідегі жарылыс

2026 жылдың 27 ақпанына қараған түні Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйде орналасқан дәмханада газ жарылды.

Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті оқиғадан 28 адам зардап шеккенін хабарлады. Бастапқыда жарылыстан 7 адам қайтыс болды. Наурыздың басында жарақат алған екі адам қайтыс болды. Сәуірде қайтыс болғандардың саны 12 адамға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз