«Таңнан кешке дейін Reels түсіреді»: Аймағамбетов мұғалімдердің жүктемесін сынады

Жарияланды
Депутат жолдауда мұғалімдердің жүктемесіне қатысты мәселені қолдады/ Фото: Shutterstock

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің қағазбастылығы мен артық жұмысқа жегу мәселесі әлі де өзекті екенін айтты, деп хабарлайды Kursiv.media.

Оның сөзінше, қазір мұғалімдерге қағаз құжаттардан бөлек, ақпараттық жүйелер мен электронды платформаларға қатысты қосымша міндеттер жүктеліп отыр.

 «Осы салада министр болған кезде де мемлекет басшысы мұғалімдердің беделіне қатысты мәселені көтеретін. Осы жеті жыл ішінде ауқымды жұмыс жүргізілді. Президенттің барлық жолдауында мұғалімдерді қолдау мәселесі айтылды. Бірақ қазір қағазбастылық пен қажетсіз жұмыстарға жегу мәселесінің ушығып тұрғанын көріп отырмыз», – деді депутат.

Аймағамбетовтің айтуынша, мұғалімдер Reels түсіру мәселесін айтып шағымданады.

«Ұстаздар таңертеңнен кешке дейін Reels түсіріп, оны әлеуметтік желілерге жүктеумен айналысатындарын айтып шағымданады», – деді депутат.

Депутат мемлекет басшысының мұғалімдердің артық жүктемесін азайтуға қатысты тапсырмасын қолдады. Оның пікірінше, бұл мәселені көтеріп, мұғалімдердің мүддесін қорғауға басымдық беру маңызды.

Аймағамбетов құрылтай депутаттары осы мәселелерді қамтитын арнайы заң жобасын әзірлегенін де айтты. Оның сөзінше, құжатта президент көтерген мәселелер де ескеріледі.

Сондай-ақ оқыңыз