Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасын ұсынды

Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға, елді мекендерге газ бен таза ауыз су жеткізуге бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жыл соңына дейін «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында іске асырылатын нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуді тапсырды. Тізім еліміздің барлық аймағын қамтуы керек.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында алдағы құрылыс жұмыстарының негізгі бағыттарына тоқталды.
«Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады. Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы елдің инфрақұрылымын дамытуға ғана емес, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және ұлттық экономиканы жандандыруға да ықпал етеді.
«Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін», – деді ол.
Президент бұл бастаманың кәсіпкерліктің өркендеуіне де серпін беретінін атап өтті. Оның сөзінше, бағдарлама аясындағы жұмыстар жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
««Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бастаманың игілігін бүкіл халық, әсіресе, өскелең ұрпақ көруі керек екенін айтты.
Тағы да оқыңыз: Тоқаев Қазақстанның барлық өңірінде жаппай құрылыс жүргізуді тапсырды