Тоқаев Қазақстанның барлық өңірінде жаппай құрылыс жүргізуді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің барлық өңірінде құрылыс жұмыстарын бастап, жандандыру қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы елдің тұрақты дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел орындау маңызды екенін атап өтті. Бұл туралы ол Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.
«Еліміз ұдайы қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру өте маңызды. Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты», – деді Президент.
Әлеуметтік нысандарға қажеттілік анықталады
Тоқаевтың айтуынша, инфрақұрылым салу жұмысы елдің барлық аймағын қамтуға тиіс. Бұл ретте мәселе жекелеген құрылыс жобаларымен шектелмей, өңірлердегі әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті кешенді түрде анықтауға басымдық берілуі керек.
«Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бірінші кезекте облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін жан-жақты зерттеп, талдау жұмысын тез арада толық аяқтауды тапсырды.
Президенттің сөзінше, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және азаматтарды қажетті қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен құрылтай отырысы өтіп жатыр. Құрылтай отырысын төраға Айбек Дәдебай ашты. Бүгін президенттің халыққа жыл сайынғы жолдауы жарияланады. Қазақстан халқына жолдаудың тақырыбы: «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері».