Трамп Венесуэланы АҚШ-тың 51-штаты еткісі келеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланы Америка Құрама Штаттарының 51-штаты ету туралы ұсыныс айтты. Бұл туралы ол Техас штатында өткен сайлауалды сөзінде мәлімдеді деп хабарлайды Kursiv Media.
«Бәлкім, жақын арада Венесуэла 51-штатымызға айналар. Мұндай мүмкіндік бар. Ендеше, солай істейік. Венесуэланы 51-штат етейік, ал президенттің орнына губернатор сайлайтын боламыз. Қалай қарайсыздар? » – деді Трамп.
АҚШ басшысы бұған дейін де Венесуэланы ел құрамына қосу мүмкіндігін қарастырып жүргенін айтқан. Мамырда тіпті бұл мәселеге ерекше назар салып, ойластырып жатқанын да мәлімдеген.
Әлбетте Венесуэла тарапы бұл ұсынысты қолдамады. Сол кезде ел президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес мемлекеттің тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын қорғауға дайын екенін мәлімдеген.
Еске салайық, 2026 жылы қаңтарда АҚШ-тың арнайы қызметі Венесуэлада операция жүргізіп, Мадуро мен оның жұбайын ұстап, тікұшақпен Нью-Йоркқа алып кетті. Операция барысы туралы Трамп мәлімдеген. Мадуроға «есірткі терроризмі», кокаин сату, сондай-ақ «АҚШ-қа зиян келтіру үшін» қару-жарақ пен жарылғыш заттарды ұстады деп айып тағылды. Қазанда өткен кезекті сот отырысында прокурорлар экс-басшыға саяси қарсыластарын азаптады деген жаңа айып тақты.