Air Astana ұшағында интернет пайда болды: ол қашанға дейін тегін болады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото; Air Astana
Алматыдан шыққан ұшақ қолайсыз ауа райына байланысты кері қайтты / фото: Air Astana

Air Astana жолаушылары енді әуеде де жоғары жылдамдықты интернетті пайдалана алады. Бүгін, 29 қазанда Алматыдан Ташкентке спутниктік Wi-Fi жүйесі орнатылған алғашқы ұшақ ұшты. Жаңа қызмет әзірге тегін болады, алайда кейін интернетке қол жеткізу шарттары өзгереді.

Интернет қай уақытқа дейін тегін

Спутниктік интернет жүйесі EI-KGB тіркеу нөмірі бар Airbus A321LR ұшағына орнатылды. Жоба халықаралық SES компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

2027 жылғы 31 қаңтарға дейін барлық жолаушы борттағы Wi-Fi желісін тегін пайдалана алады. Ал 1 ақпаннан бастап тегін интернетке қол жеткізу шарттары өзгереді:

  • бизнес-класс жолаушылары мен Nomad Club бағдарламасының Gold және Diamond мәртебесі бар мүшелеріне Wi-Fi тегін болады;
  • Nomad Club бағдарламасының барлық деңгейдегі қатысушылары мессенджерлерді тегін пайдалана алады;
  • басқа жолаушылар интернет пакеттерін ақылы түрде сатып ала алады.

Интернет басқа ұшақтарға да орнатылады

Airbus A321LR ұшақтарын жоғары жылдамдықты Wi-Fi жүйесімен жабдықтау жұмыстары 2027 жылы кезең-кезеңімен жалғасады. Жабдықты әуе компаниясының техникалық базасында өз мамандары орнатады.

Жобаны іске асыру үшін Қазақстанда спутниктік интернетті әуе көлігінде пайдалануға қатысты реттеушілік мәселелер де пысықталған. Атап айтқанда, геостационарлық емес спутниктік жүйелерді қолдануға кедергі болған шектеулерді жою бағытында жұмыс жүргізілді.

Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, алғашқы ұшаққа интернеттің қосылуы, осы жұмыстың нәтижесі.

«Бұл технологияны тәжірибе жүзінде енгізуге мүмкіндік берді. Air Astana әуе компаниясының интернетке қосылған алғашқы ұшағы осы жұмыстың нақты нәтижесі болды. Азаматтардың жол үстінде, соның ішінде пойыздар мен ұшақтарда да байланыста болуы үшін сапалы интернетке қолжетімділікті кеңейтуді жалғастырамыз», – деді министр.

Министрліктің мәліметінше, спутниктік байланысты көлікте ғана емес, Қазақстанның шалғай және жетуі қиын аудандарында да кеңейтуге мүмкіндік бар.

Сондай-ақ оқыңыз