Бауыры жарылып, қабырғасы сынған: Щучинскіде әйелді ұрған ер адам сотталды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
тұрмыстағы зорлық-зомбылық
Фото: shutterstock

Щучинск қаласында әйелдің өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Әйелді жанжал кезінде ұрып-соққан ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске салсақ, қайғылы жағдай 2026 жылдың маусымында болған. Әлеуметтік желі қолданушысы оқиғаның қалай болғанын жазды. Сөзінше, әйел бір ер адаммен кездесіп жүрген, кейіннен қарым-қатынасты тоқтату туралы шешім қабылдаған. Содан кейін ер адам әйелді жалдамалы пәтерге шақырып, түнімен ұрып-соққан. 

Бурабай аудандық сотындағы қылмыстық іс абайсызда өлімге әкеп соққан жағдай ретінде қаралған. 

Сот барысында ер адам мен қайтыс болған әйелдің 2024 жылдан бері әріптес, жақын қарым-қатынаста болып, кездесіп жүргені анықталған. 

«Қызғаныш салдарынан олардың арасында жанжалдар туындап, бірнеше рет айырылысып, кейін татуласып, қарым-қатынастарын жалғастырған. 2026 жылдың маусымында екеуі ер адамның пәтерінде кездесіп, ішімдік ішкен», – делінген сот таратқан ақпаратта.

Содан кейін екеуінің арасында жанжал шығып, әйелді беті мен денесінен жұдырықпен бірнеше рет ұрған.

«Алған дене жарақаттарының салдарынан әйел есінен танып қала бастаған. Ер адам жедел жәрдем шақырған. Әйел ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан қайтыс болған», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. 

Сараптама қорытындысына сәйкес, әйел бауырдың жарылуы салдарынан ішіне қан кеткеннен қайтыс болған. 

Одан бөлек әйелдің іш және кеуде қуысында жарақат бар, қан құйылу, бауырдың жарылуы, қабырғаның сынуы, қанталау анықталған.

Сот үкімімен ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жәбірленуші тарап жалпы 14 млн теңге материалдық залал өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, елде кейінгі екі жылда 150 әйел күйеуінің не бірге тұратын ер адамның қолынан қаза тапты.

Сондай-ақ оқыңыз