Банк қызметкерлері онлайн-казинолардың 188 млрд теңгені заңсыз шығаруына көмектескен

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстан банктері «Nomadgames», «Sultangames» онлайн-платформаларына 188 млрд теңгені заңсыз шығаруға көмектескен.

Қаржы мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз интернет-казинолардың жұмысын ұйымдастырған топты анықтады.

Ойыншылардан ақша қабылдау үшін төлем ұйымдары, банк эквайрингі, POS және интернет-терминалдар, электронды әмияндар мен криптоқұралдарды қамтитын көпдеңгейлі жүйе құрылған.

«Бұл іске банк саласының өкілдері де қатысқан. Олар төлем инфрақұрылымына қосуды, міндетті тексеру жүргізбестен шарттар жасасуды және интернет-терминалдарға тиісті MCC-кодтарын беруді қамтамасыз еткен», – делінген хабарламада.

Банк секторының өкілдері міндетті тексеру жүргізбестен келісімшарт жасасып, төлем инфрақұрылымын қосып отырған.

Төлемдердің нақты мақсатын жасыру мақсатында интернет-терминалдарға жалған MCC-кодтар беріліп, операциялар заңды букмекерлік қызмет ретінде көрсетілген.

Нәтижесінде электронды терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам қаражат өткізілген. Қылмыстық жолмен тапқан табысты заңдастыру үшін бақылаудағы ЖШС арқылы жалған келісімшарт түзіліп, шотына 10 млрд теңге аударылған.

Кейін бұл қаражат криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің әмияндарына жіберілген. Тергеу органдары 19 млн USDT көлеміндегі цифрлық активтердің қозғалысын анықтады.

Сот санкциясымен күдіктілердің 3 пәтері, 6 автокөлігі, сондай-ақ банк шоттарындағы 1,4 млрд теңге сомасындағы қаражаты мен криптоактивтері бұғатталды.

Іс бойынша үш күдікті қамауға алынып, үшеуіне кепіл, ал екеуіне ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Қарағандыда заңсыз онлайн-казиноның 415 млн теңгесін дропперлер арқылы шығарып алғаны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз