Щучинскіде әйелді ұрып өлтірген азамат 10 жылға сотталды

Щучинск қаласында өз жігітінің соққысынан көз жұмған Асем есімді әйелдің өліміне қатысты сот үкімі шықты. Марқұмның артында екі кішкентай баласы қалды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қайғылы оқиға қызғаныш салдарынан туындаған жанжалдан кейін болған. Азамат өзінің сүйіктісін аяусыз соққыға жығып, кейін жедел жәрдем шақырған. Алайда алған ауыр жарақаттарынан әйел ауруханада көз жұмды. Бұған дейін де олардың арасында жиі ұрыс болып, марқұм полицияға арызданған.
Сот айыпталушыны денсаулыққа ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкеп соқтырғаны үшін айыпты деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, оған моральдық шығын ретінде жапа шеккен тарапқа 12 миллион теңге төлеу міндеттелді.
Марқұмның артында 6 және 8 жастағы екі баласы қалды (олардың әкесі төрт жыл бұрын қайтыс болған). Қазіргі уақытта балаларды туыстары өз қамқорлығына алды.