Түркі елдерінің экономикасы: Қазақстан қай орында

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
фото: NY

30 қазанда Түркия астанасы Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті өтеді. Кездесуге ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қатысады. Саммитте сауда, инвестиция, көлік, энергетика және экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланбақ.

Осыған байланысты Kursiv Media түркі мемлекеттерінің экономикасы көлемі жағынан бір-бірінен қаншалықты ерекшеленетінін салыстырып көрдік.

Түркияның экономикасы қалған елдерден әлдеқайда үлкен

Халықаралық валюта қорының 2026 жылғы қазандағы World Economic Outlook болжамына сәйкес, алты түркі мемлекетінің жиынтық номиналды ЖІӨ-сі шамамен 2,6 трлн доллардан асады. Оның негізгі бөлігін Түркия экономикасы қалыптастырады.

Түркі елдерінің экономикасы қаншалықты үлкен?
2026 жылға болжамды номиналды ЖІӨ
Түркия
Түркия
$1,818 трлн 1 817,99 млрд
Қазақстан
Қазақстан
$397,9 млрд
Өзбекстан
Өзбекстан
$178,2 млрд
Әзербайжан
Әзербайжан
$89,2 млрд
Түрікменстан
Түрікменстан
$83,0 млрд
Қырғызстан
Қырғызстан
$26,7 млрд
Дереккөз: IMF, World Economic Outlook, October 2026. 2026 жылға болжам. Номиналды ЖІӨ, ағымдағы бағамен, АҚШ долларымен.

Түркияның 2026 жылғы номиналды ЖІӨ-сі 1,8 трлн доллар шамасында болады деп болжанып отыр. Бұл қалған бес елдің экономикасын қосқандағы көлемнен де айтарлықтай жоғары.

Екінші орында Қазақстан тұр. IMF бағалауынша, ел экономикасының көлемі 2026 жылы шамамен 398 млрд долларға жетеді. Өзбекстанның ЖІӨ-сі 178 млрд доллар шамасында болады деп күтіледі.

Әзербайжан мен Түрікменстан экономикасының көлемі бір-біріне жақын. Әзербайжанда номиналды ЖІӨ шамамен 89 млрд доллар, Түрікменстанда 83 млрд доллар болады деген болжам бар. Ал Қырғызстан экономикасы 27 млрд долларға жуықтайды.

Жан басына шаққанда Қазақстан екінші орында

Экономиканың жалпы көлемі елдегі өмір сүру деңгейін толық көрсете алмайды. Сондықтан жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткішіне қарағанда рейтинг өзгереді.

Бұл көрсеткіш бойынша да Түркия бірінші орында. IMF болжамына сәйкес, 2026 жылы Түркияда жан басына шаққандағы номиналды ЖІӨ 21,1 мың долларды құрайды.

Түркі елдерінде жан басына шаққандағы ЖІӨ қанша?
2026 жылға болжам, номиналды ЖІӨ, АҚШ доллары
Түркия
Түркия
$21 079
Қазақстан
Қазақстан
$19 311
Түрікменстан
Түрікменстан
$12 291
Әзербайжан
Әзербайжан
$8 497
Өзбекстан
Өзбекстан
$4 575
Қырғызстан
Қырғызстан
$3 620
Дереккөз: IMF, World Economic Outlook, October 2026. 2026 жылға болжам. Жан басына шаққандағы номиналды ЖІӨ, ағымдағы бағамен, АҚШ долларымен.

Қазақстан екінші орында – 19,3 мың доллар. Яғни Қазақстан мен Түркия арасындағы айырмашылық шамамен 1,8 мың доллар ғана.

Үшінші орында Түрікменстан тұр. Онда бір адамға шаққандағы ЖІӨ 12,3 мың доллар деңгейінде болжанып отыр. Әзербайжанда бұл көрсеткіш 8,5 мың долларды құрайды.

Өзбекстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 4,6 мың доллар, ал Қырғызстанда 3,6 мың доллар шамасында болады.

Өзбекстанның экономикасы үлкен, бірақ халық саны да көп

Өзбекстанның жағдайы ерекше. Елдің жалпы экономикасы түркі мемлекеттері арасында Түркия мен Қазақстаннан кейін үшінші орында болғанымен, халық саны көп болғандықтан жан басына шаққандағы көрсеткіш айтарлықтай төмен.

Керісінше, Түрікменстанның жалпы экономикасы Өзбекстаннан екі еседен астам кіші болғанымен, халық саны аз болғандықтан жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші әлдеқайда жоғары.

Қазақстан екі рейтингте де жоғары орында тұр: жалпы экономика көлемі бойынша Түркиядан кейін екінші, жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша да екінші.

ЖІӨ халықтың нақты табысы емес

Жан басына шаққандағы номиналды ЖІӨ-ні халықтың нақты табысымен теңестіруге болмайды. Бұл көрсеткіш елде өндірілген тауарлар мен қызметтердің жалпы құнын халық санына бөлу арқылы есептеледі.

Оның үстіне доллармен көрсетілген нәтиже ұлттық валютаның айырбас бағамына да тәуелді. Айта кетейік, IMF деректері 2026 жылдың толық қорытындысы емес, жылға арналған болжам екенін де ескерген жөн.

Сондай-ақ оқыңыз