Астанаға Аустралиядан бір отар қой ұшақпен жеткізілді

Астана халықаралық әуежайы Аустралиядан әуе кемесі арқылы жеткен 1 100 бас дорпер тұқымды қойды қабылдап алды. Жануарлар елордаға Qatar Airways Cargo әуе компаниясының Boeing 777F жүк ұшағымен жеткізілді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Қойлар «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында «Ерейментау Астық-2014» ЖШС үшін әкелінген.
Жоба Қазақстандағы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Кәсіпорын барлығы 4 мың бас ұсақ мал сатып алуды жоспарлап отыр. Бүгін жеткізілген алғашқы партия осы көлемнің төрттен бірінен астамын құрайды.
Тірі жануарларды әуе көлігімен тасымалдау арнайы логистиканы, ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтауды және әуежай қызметтерінің үйлесімді жұмысын қажет етеді. Жануарлар арнайы жабдықталған жүк ұшағымен жеткізілді.
Астана халықаралық әуежайы мұндай арнайы жүктерді қабылдап, өңдеуге қажетті инфрақұрылымы бар екенін атап өтті.
Осыған дейін Қазақстан Моңғолиядан жарты миллион ешкі сатып алған еді.