Ауғанстанда көкнәр егістігі 330%-ға артты – БҰҰ

БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) Ауғанстанда апиын көкнәрін өсіру көлемі күрт өскенін анықтады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
NBC News ақпаратына сүйенсек, егіс алаңы өткен жылғы 10 мың гектардан 43 мың гектарға дейін артқан (+330%). Өндіріс көлемі 400%-ға көбейген.
БҰҰ бұл өсімді елдегі кедейліктің тереңдеуімен байланыстырады. Дәнді дақылдардың арасына немесе қоршалған аумақтарға жасырын түрде көкнәр егетін шаруалар заңсыз өнімге тәуелді болып отыр.
Көрсеткіштер 2022 жылғы есірткіге тыйым салынғанға дейінгі деңгейден төмен болғанымен, бұл шектеу енгізілгелі бері тіркелген ең үлкен өсім болып отыр. БҰҰ халықаралық қауымдастықты ауған фермерлеріне баламалы табыс көзін табуға көмектесуге шақырды.
Талибан үкіметі БҰҰ баяндамасын жоққа шығарып, есеп жерсеріктік түсірілімдер мен бейтарап емес топтардың бұрмаланған ақпаратына сүйенгенін мәлімдеді. Ауғанстан Сыртқы істер министрі Амир Хан Муттаки есірткімен күресті өз әкімшілігінің басты жетістігі деп атап, мәселені шешу – қауіпсіздік шараларымен қатар, шаруаларды қолдау мен халықаралық ынтымақтастықты талап ететін ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
Айта кетейік, осыған дейін БҰҰ ауған билігін балалар некесін заңдастыратын жарлықтың күшін жоюға шақырған еді.