Ішімдіктен бас тартқан ауылдар көбейсе де, алкоголь өндірісі тоқтаған жоқ

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
алкоголь өндірісі / ішімдік / арақ
фото: Коммерсанть

ІІМ жыл басынан бері елде ішімдік ішпейтін ауылдар қатары көбейгені жайлы бірнеше рет есеп берді. Мәселен, Шығыс Қазақстанда 28 ауыл, Абай облысында отыз шақты ауыл тұрғындары арақтан бас тартқан. Дегенмен статистикаға қарасақ, елдегі ішімдік өндірісі жыл өткен сайын азаймағанын аңғаруға болады, деп жазады Kursiv.Media.

Жыл сайын алкоголь өндірісінің көлемі артып жатыр

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, елде осы жылдың тоғыз айында 48,8 млн литр алкоголь өндірілді. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға көп. Ал 2024 жылы елдегі ішімдік өндірісі тоғыз айда 38 млн литр болған еді. Яғни жылдан-жылға елде шығарылатын арақ-шарап көлемі артып бара жатқанын байқауға болады

Өнеркәсіп статистикасы · Қаңтар–қыркүйек

Қазақстанда алкоголь өндірісі өсіп келеді

2024–2026 жылдардағы өндірілген және жөнелтілген өнім көлемі

2026 жылғы өндірілген өнім
48,82 млн литр
2025 жылмен салыстырғанда +8,0%
2026 жылғы жөнелтілген өнім
46,64 млн литр
2025 жылмен салыстырғанда +7,4%

Үш жылдағы өзгеріс

Қазақстанда 2024–2026 жылдардың қаңтар-қыркүйек аралығында өндірілген және жөнелтілген арақ көлемі, млн литр.

Өндірілген өнім
2024
38,69
2025
45,19
2026
48,82
Жөнелтілген өнім
2024
40,61
2025
43,43
2026
46,64
Өндірілген өнім Жөнелтілген өнім

Өндіріс көлемі артқан

2026 жылдың тоғыз айында 48,82 млн литр арақ өндірілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға көп.

Жөнелту көлемі де өскен

Кәсіпорындар 2026 жылдың тоғыз айында 46,64 млн литр өнім жөнелтті. Бір жылдағы өсім — 7,4%.

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы. Барлық көрсеткіш 2024, 2025 және 2026 жылдардың қаңтар-қыркүйек кезеңіне қатысты. Жөнелтілген өнім көлемі нақты сатылыммен әрдайым бірдей емес.

Өндіріс көлемімен бірге кәсіпорындардан жөнелтілген ішімдік көлемі де артқан. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 43,4 млн литр өнім нарыққа шығарылса, 2026 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 46,6 млн литрге жеткен. Яғни, бір жылда жөнелтілген өнім көлемі шамамен 3,2 млн литрге немесе 7,4%-ға өскен.

Ескерту: «жөнелтілген өнім» – кәсіпорындардан жөнелтілген тауар көлемі.

Алкоголь өндірісі артқан сайын ішкі нарықта отандық өнімнің үлесі де өсіп келеді. Сарапшылар дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-шілдесінде елдегі өндірушілер ішкі нарық пен экспорттағы сұраныстың 87,6%-ын қамтамасыз еткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 85,6% болған.

Қазақстанда өндірілген арақ пен ликер-арақ өнімдерінің басым бөлігі ішкі нарықта сатылады. 2026 жылдың алғашқы жеті айында ел ішінде 46,1 млн литр осындай алкоголь өнімі сатылған. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға көп. Ал экспорт көлемі небәрі 685,4 мың литр болған. Яғни алкоголь өндірістің өсуіне негізінен ішкі нарықтағы сұраныс ықпал етіп отыр.

Орталық Азияда бірінші

Биыл World Population Review аналитикалық порталы жан басына шаққандағы алкоголь тұтыну көлемі бойынша жаңартылған әлемдік рейтингті жариялады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстандағы 15 жастан асқан ересек орта есеппен жылына 6 литр таза этиль спиртін тұтынады екен. Осылайша Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға шыққан. Өңірдегі басқа мемлекеттердің көрсеткіштері төмендегідей:

  • Қырғызстан – жылына 3,9 литр, әлемдік рейтингте 101-орын;
  • Түрікменстан – 3 литр, 119-орын;
  • Өзбекстан – 2,1 литр, 132-орын;
  • Тәжікстан – 0,7 литр, 154-орын.

Қазақстан әлемдік рейтингте 83-орынға жайғасты. Дегенмен ТМД кеңістіктегі өзге көршілерінің арасында Қазақстан Ресей мен Беларусьтен төмен көрсеткішке ие. Ресейде жан басына шаққандағы жылдық тұтыну көлемі 10,5 литр болса, Беларусьте – 11,4 литр.

Ұлттық статистика бюросының дерегі де осыны растайды. 2013 жылғы есеп бойынша, елімізде 15 жастан асқан ересектер орта есеппен жылына 4,3 литр алкоголь тұтынса, он жылдан кейін бұл көрсеткіш 6 литрге жетті.

Алкоголь өндіретін кімдер?

Еліміздегі этиль спирті мен алкоголь өнімін есепке алатын TrackAlco сервисі бар. Сол платформада тіркелген, лицензиясы бар кәсіпорындарды сараптасақ, құрамында спирті бар өнім шығаратын 50-ге жуық өндіріс орны бар. Бірақ оның ішінде нақты алкоголь сусындарын (арақ, сыра, шарап т.б.) шығаратын кәсіпорындар негізінен Алматы облысында, Алматы қаласында, Ақмола облысында, Ақтөбе облысында және Түркістан облысында шоғырланған.

инфографика ЖИ арқылы жасалды

Қазақстандағы алкоголь сусынын өндіретін компаниялардың салық түсімдерін қарап көрдік. Олардың кейбірі бюджетке жыл сайын миллиардтаған теңге төлейді. Мәселен, 2025–2026 жылдардағы деректер бойынша, салық төлемі ең жоғары 10 компанияның жиынтық көрсеткіші 233,67 млрд теңгеге жеткен. Ал көшбасшы компанияның өзі 49,16 млрд теңге салық төлеген.

Қазақстан · салық түсімдері

Ірі алкоголь және сусын өндірушілерінің салық төлемі

2025–2026 жылдардағы салық түсімдері. Компаниялар ең жоғары сомадан бастап реттелген.

Топ-10 компанияның жиынтығы 233,67 млрд ₸ Берілген сомалардың қосындысы
Қалай оқу керек: сомалар млрд теңгемен дөңгелектелген.
1«Carlsberg Kazakhstan» ЖШС
49,16 млрд ₸
2«Первый пивзавод» ЖШС
34,04 млрд ₸
3«Эфес Қазақстан» АҚ
31,57 млрд ₸
4«Gorilla Asia» ЖШС
23,56 млрд ₸
5«Galanz Bottlers» АҚ
20,94 млрд ₸
6«Көкшетау минералды сулары» АҚ
17,91 млрд ₸
7«Петропавловский водочный завод» ЖШС
17,33 млрд ₸
8«Геом» ЖШС
14,52 млрд ₸
9«Эфес Қазақстан» АҚ-ның Алматы филиалы
12,68 млрд ₸
10«Premium Spirits Factory» ЖШС
11,96 млрд ₸
Дереккөз: Adata. Кезең: 2025–2026 жылдар. Тізімде сыра және алкогольсіз сусын өндірушілері де бар.

Жоғарыдағы деректер ресми түрде тіркелген, лицензия алып жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға қатысты. Дегенмен бұл нарықтағы көлеңкелі айналымның да көлемі үлкен. Биыл 27 қазанда үкімет басшысы Бектенов төрағалығымен өткен жиында қаржы министрі Мәди Такиев осы жайлы айтқан. Оның дерегінше, биыл тоғыз айда Қазақстанда 5,6 млн литр заңсыз алкоголь өнімі анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сегіз есе көп.

Жыл басынан бері полиция алкоголь айналымына қатысты 9 мың заңбұзушылықты тоқтатқан. 4,5 мың кәсіпкердің лицензиясынан айырылып, жалпы сомасы 932,4 млн теңге айыппұл салынған. Ал қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз алкоголь өндіретін 10 цехты жапқан.

Енді мемлекет елдегі алкоголь өндірісіне қатаң бақылау орнатуды жоспарлап отыр. Бектенов Қаржы министрлігіне алкоголь нарығын, соның ішінде интернет арқылы сатуды бақылауды күшейтуді тапсырды. Ал Қаржылық мониторинг агенттігі Ішкі істер министрлігімен және Қаржы министрлігімен бірлесіп, заңсыз алкоголь өндіру мен қолдан жасалған алкоголь өнімдерінің айналымына қарсы күресті күшейтеді.

Оқи отырыңыз: Кәсіпкерге өмір бойына ішімдік сатуға тыйым салынды

Сондай-ақ оқыңыз