Оқушылар уланған РФММ мектебінің қызметкерлерінен жұқпалы инфекция анықталды

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушылары жаппай уланғаннан кейін жүргізілген тексеру кезінде қауіпті бактериялар табылды. Ал асханадағы төрт қызметкерден алтын түсті стафилококк анықталған. Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті осылай хабарлады деп жазады Kursiv Media.
РФММ асханасынан қандай бактериялар анықталды?
12-15 қазан аралығында санитарлық дәрігерлер мектеп асханасына тексеріс жүргізді. Мамандар дайын тағамнан жеті сынама, шикі азық-түлік өнімінен үш сынама, ыдыс-аяқтар мен асханадағы үстелдерден отыз сынама, судан бес сынама және тазалайтын құралдардан екі сынама алған. Нәтижесінде ыдыс-аяқ пен тағамдардан ішек таяқшасы тобына жататын бактерия табылды. Ал тазалағыш құралдар санитарлық талаптарға сай болмаған.
Мамандар асхана қызметкерлерін де тексеріп шықты. Олардың төртеуінен алтын түсті стафилококк табылып, бас санитарлық дәрігердің қаулысымен уақытша жұмыстан шеттетілді.
Ал уланған оқушылар осы уақытта мектеп асханасынан тамақтанып жүрген, тиісінше ең бірінші дайын тағамнан уланды деген болжам бар.
«Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі аурудың тауық етінен жасалған рулет пен етті тұтынумен байланысты екенін айтқан», – деп хабарлады ведомство.
Мектеп асханасына кім жауапты болған?
РФММ оқушыларын тамақтандыруға «MasterFood» ЖШС мекемесі жауапты болған. Санитарлық дәрігерлер кәсіпорынның қызметінен көптеген қателіктер тапты. Азық-түлік пен дайын тағамның тәуліктік сынамаларын сақтау талаптары бұзылған, асханада қажетті жабдықтар, асүй құралдарының таңбалары және өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болмаған.
Тексеру барысында ас мәзірі мен есептік құжаттардағы мәліметтердің сәйкес келмейтіні анықталды.Тіпті асханада алдын ала жоспарланған мәзір де жасалмаған.
Тексеру қорытындысы бойынша РФММ-ге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Ал MasterFood компаниясына қатысты материалдар заңбұзушылық белгілері бойынша полицияға жіберілді. 13 қазандағы қаулыларға сәйкес, MasterFood асханасы мен РФММ мектеп-интернатының жұмысы 60 күнге тоқтатылды.
Асхана барлық заңбұзушылықты жойып, бұл талаптардың орындалғанын жоспардан тыс тексеру растағаннан кейін ғана қайта жұмыс істей алады.
Еске салайық, Алматыда 12-14 қазан аралығында физика-математика мектебінің 47 оқушысы ішек инфекциясына ұқсас белгілермен ауруханаға түсті. Одан кейін тағы бірнеше бала жатқызылды. Осыдан соң білім ошағы қашықтан оқытуға көшті.
Министрлік Алматыдағы оқушылары уланған мектеп басшылығына ескерту жасады. Алматы полициясы РФММ оқушыларының жаппай ауруханаға түсуіне қатысты қылмыстық іс қозғады.
22 қазанда РФММ-де уланған оқушылар түгел ауруханадан шықты.