Ресейдегі «Новая газета» басылымы 30 жылдан кейін жұмысын тоқтатты

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Редакция мүшелері Фото: Анна Артемьева / «Новая газета»

Ресейдегі тәуелсіз «Новая газета» басылымы жұмысын тоқтатты. 30 қазанда редакция арнайы мәлімдеме жасады деп жазады Kursiv Media.

«9 қарашада отыз жыл бойы тұрған үйіміздің жарығын сөндіреміз, серверді өшіріп, кетеміз. Енді газет жоқ. Ресейлік билік пен ресейлік арнайы қызмет редакцияның жұмысын тоқтатуға мәжбүрледі», – деп жазады журналистер.

Редакция Мәскеу орталығындағы Потапов тұйық көшесінде 29 жыл жұмыс істеді. Қазанның соңына таман журналистерге 9 қарашаға дейін кеңсені босатуы керек деген хат келген. Одан бөлек редакцияның оқырмандардан донат алып отырған жүйесін де өшіріп тастаған. Басылым бұл әдейі жасалған шара деп есептейді.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысынан кейін тәуелсіз басылымға деген қысым күшейген. «Новая газетаның» интернет-ресурсын бұғаттап, типография мемлекет меншігіне өткен. Көптеген қызметкерлері елден көшуне мәжбүр болды. Басылымның негізін қалаушының бірі Дмитрий Муратовқа шабуыл жасалды. Одан әрі Кремль редакцияны шетелдік агент деп танып, БАҚ ретінде тіркеуден бас тартты.

Отыз жыл ішінде басылымның алты қызметкері өлтірілді, «Новая газета» редакциясы олардың өлімін кәсіби қызметімен тікелей байланыстырады. Енді басылымның өзге де журналистеріне қудалау, қамап тастау деген қауіп төніп тұрғандықтан басшылық редакцияны жабуды дұрыс деп шешкен.

«Біз өлген жоқпыз, өлтірді. Конституциямен бірге өлтірді. Енді заңның 29-бабындағы «Цензураға тыйым салынады» деген тұсына күлмеске амалың жоқ», – дейді ұзақ жыл редакцияның бас редакторы болған Дмитрий Муратов.

Ол 2021 жылы бейбітшілікке қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығын алған еді.

«Новая газета» 1993 жылдың сәуірінде құрылған. Содан бері басылым адам құқықтарының бұзылуына қатысты түрлі журналистік зерттеулер мен репортаждар жариялап келеді.

Сондай-ақ оқыңыз