Solidcore алтын компаниясының қаржы түсімі 1,5 млрд доллардан асты

Solidcore Resources алтын өндіруші компаниясы 2026 жылдың 9 айында қаржы түсімін 83 пайызға арттырып, 1,575 млрд долларға жеткізді. Мұндай өсімге өнім сату көлемінің 33 пайызға артуы және алтын бағасының жоғарылауы оң ықпал еткен.
Осы кезеңде алтын эквивалентінің орташа сату бағасы унциясына 4 561 долларды құрады. Компания өндіріс көлемін 44 пайызға көбейтіп, 358 мың унцияға жеткізген. Оған жинақталған концентрат қорларын сыртқы кәсіпорындарда қайта өңдеу себеп.
Ал кәсіпорындардың өзінде тікелей металл шығару көлемі 4 пайызға өсіп, 410 мың унция болды. Үшінші тоқсанда Ресейден алтын экспорттау ережелерінің өзгеруіне байланысты өнім жөнелту кідіріп, сатылған өнім көлемі 10 пайызға азайған.
Дегенмен кейінірек жеткізілімдер қалыпқа келіп, тоқсандық түсім баға өсімінің арқасында 12 пайызға артып, 602 миллион долларды құрады. 30 қыркүйектегі жағдай бойынша компанияның таза ақшалай позициясы 841 миллион долларға дейін ұлғайды.
Қазан айында Solidcore AIX биржасында 1,2 миллиард долларға өз акцияларын қайта сатып алу мәмілесін табысты аяқтады
Сонымен қатар Директорлар кеңесі өзіне 55 пайызы тиесілі «Сырымбет» қалайы-мыс кен орнының құрылысын мақұлдады.
Жобаны іске қосу 2029 жылдың екінші жартысына жоспарланған және ол жылына орташа есеппен 6 мың тонна қалайы мен 4 мың тонна мыс өндіреді. Компания 2026 жылға арналған жылдық өндіріс жоспарын 540 мың унция деңгейінде және күрделі шығындарды 510 миллион доллар көлемінде сақтап қалды.
Solidcore Resources – АХҚО-да (Астана халықаралық қаржы орталығы) тіркелген және акциялары AIX биржасында саудаланатын Қазақстандағы алтын өндіруші компания.
2024 жылдың басында компанияның ірі акционері ауысқан болатын. Оның 23,9% үлесін Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International қоры сатып алды. Ал ресейлік кәсіпкер Александр Несис бастаған «ИСТ» тобы компания акционерлері құрамынан толық шықты.