Сотқа жалған анықтама өткізген жетісулық әйел қамауға алынды

Жетісулық әйел жауапкершіліктен қашу үшін сотқа жүкті деген жалған анықтама өткізген, деп хабарлайды Kursiv.media.
Талдықорған қаласы прокуратурасының мәліметінше, әйелдің қулығы іске аспады. Әкімшілік істі зерделеу барысында сотқа жалған медициналық анықтама ұсыну фактісі анықталды.
Азаматша «Hyundai Sonata» автокөлігін алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін ұсталған. Сотқа істі қарау кезінде жүктілігі туралы жеке клиниканың анықтамасын әкелген.
«Алайда прокуратура жүргізген қарсы тексеру барысында азаматшаның аталған медициналық мекемеге жүгінбегені, медициналық тексеруден өтпегені және оған жүктілік туралы анықтама берілмегені анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 385-бабының 1-бөлігімен (жалған құжаттарды жасау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, сот қаулысымен азаматшаға 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазалар тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді. Бүгінгі танда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Жетісу облысының прокуратурасы сотқа жалған құжаттар ұсыну заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.
Мұндай жайт Ақтауда қаласында да болды. Сотқа жалған жүктілік анықтамасын ұсынған әйел де 15 тәулікке қамалған болатын.