Жаппай уланған РФММ оқушылары екінші тоқсанда да онлайн оқиды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
РФМШ / РФММ / уланған оқушылар
фото: РФММ

Оқушылар жаппай уланғаннан Республикалық физика-математика мектебі екінші тоқсанда да онлайн оқитын болды. Бұл туралы мектеп әкімшілігі хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.

«Қазіргі уақытта оқушылар күзгі демалыста. Екінші тоқсанда сабақтар уақытша қашықтан оқыту форматында жалғасады. Дәстүрлі оқу форматына көшу мәселесі барлық қажетті санитариялық-профилактикалық жұмыс толық аяқталып, санитариялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілгеннен кейін қарастырылады», – деп жазылған хабарламада.

Қазір мектепте қажетті санитариялық-профилактикалық және залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білім ошағы әкімшілігі анықталған ескертулерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқанын да ескерте кеткен.

Бүгін Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мектепке тексеру жүргізу кезінде қауіпті бактериялар табылғанын хабарлаған еді. Асхана қызметкерлерінен алтын түсті стафилококк табылып, бас санитарлық дәрігердің қаулысымен уақытша жұмыстан шеттетілді.

Еске салайық, Алматыда 12-14 қазан аралығында физика-математика мектебінің 47 оқушысы ішек инфекциясына ұқсас белгілермен ауруханаға түсті.  Одан кейін тағы бірнеше бала жатқызылды. Осыдан соң білім ошағы қашықтан оқытуға көшті.  

Министрлік Алматыдағы оқушылары уланған мектеп басшылығына ескерту жасады. Алматы полициясы РФММ оқушыларының жаппай ауруханаға түсуіне қатысты қылмыстық іс қозғады.  

22 қазанда РФММ-де уланған оқушылар түгел ауруханадан шықты

Сондай-ақ оқыңыз