G20 елдері Украина, Иран және тарифтер бойынша келісе алмады

Жарияланды
фото: AP (Mergan Varner)

G20 елдерінің сыртқы істер министрлері АҚШ-тың Атланта қаласында өтіп жатқан екі күндік кездесуде негізгі халықаралық мәселелер бойынша ортақ келісімге келе алмады. Соның салдарынан жиын қорытындысында бірлескен коммюнике жарияланбайды. Оның орнына АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио төраға мәлімдемесін ұсынады.

Келіспеушіліктің негізгі себептерінің бірі — Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты ұстанымдар. Бұдан бөлек, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әрекеттері, АҚШ тарифтері, Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі саясаты және Оңтүстік Африканың кездесуге шақырылмауы да ортақ ұстаным қалыптастыруға кедергі келтірген.

Кездесуде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың қатысуы да дау туғызды. Бірқатар еуропалық дипломат онымен бірге дәстүрлі ортақ суретке түсуден бас тартатынын білдірген. Осыдан кейін Марко Рубио топтық фотоны мүлде өткізбей тастаған.

Соған қарамастан, қатысушылар желтоқсанда Флоридада өтетін G20 көшбасшылары саммитіне дейін келіспеушіліктерді азайтуға тырысатынын мәлімдеді.

Кездесуде жаһандық энергия және азық-түлік жеткізілімі, халықаралық сауда, маңызды теңіз жолдарындағы еркін қозғалыс және критикалық минералдар жеткізу тізбегі де талқыланды. Марко Рубио геосаяси қақтығыстардың әлемдік экономикаға, сауда мен энергия нарығына тікелей әсер етіп отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз