«Ана атансам да, бала едім»: Исматулланың тағы бір құрбаны кітап жазбақ

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: Facebook

Кәмелетке толмай еркінен тыс күйеуге шыққан қазақстандық әйел ойран болған балалық шағы туралы кітап жазбақ, деп хабарлайды Kursiv.media.

 Havva Aksoy Istanbul никнеймі бар әйел Исматулла туралы соңғы жазбасын жариялады. Оның айтуынша, балалық шағы қорқыныш пен күдікпен өткен.

«Баланың қалай пайда болатынын да білмеппін»

«Кәмелетке толмай жатып, өз еркімнен тыс тұрмысқа берілдім. Ең сорақысы, мен ол кезде еркек пен әйел бірге болғаннан кейін бала пайда болатынын да білмеппін. Етеккір тоқтаса, жүкті болуың мүмкін екенін де білмедім», – деп суреттейді өмірін қазақстандық әйел.  

Толғатып жатқанда дәрігер оған: «Жатуды білесің, енді тууды білмейсің бе?!» деп ұрсып беріпті.

«Тамағыма дәрі қосып жүр ме»

«Ал менің оған қойған жалғыз сұрағым: «Екінші рет мұндай жағдай болмауы үшін не істеуім керек?» Ол кезде «жату» дегеннің не екенін де білмейтін кішкентай бала едім», – дейді әйел.

Өрімдей қыз біраз уақыт «бұлар менің тамағыма дәрі қосып жүр ме? Әлде мені дуалап тастаған ба? Неге есімді білмей қаламын?» деген сұрақтармен өмір сүрген.

Көрген қорлығымның бір бөлігі ғана

«Ойлаңыздаршы, мен ана атансам да, өзім әлі бала едім… Бұл – көрген қорлығымның бір бөлігі ғана. Исматулла тақырыбын осымен жабамын! Мен одан да, оның жақтастарынан да енді қорықпаймын! Егер тараптарынан бір ауыз қорлау, қоқан-лоқы немесе қысым болса, үнсіз қалмаймын. Заң аясында жауап беремін!» – деп жазды ол.

Ол осы уақытқа дейін еркіндігі үшін жылдар бойы күресіп, ақыры Исматулланы жеңген. Оның сөзіне қарағанда, әлі айтылмаған шындық көп. Қалғанының бәрін жазып жатқан кітабында баяндамақ.

Айта кететін жайт, Исматулла Мақсұм – Қазақстандағы сопылық бағыттағы «зікіршілер» жамағатының жетекшісі. Оның үстінен ІІМ тергеу жүргізіп жатыр. Кейбір деректерге қарағанда, Исматуллаға қарасты медреседе кемінде 20 жасөспірім жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.

Сондай-ақ оқыңыз