Германияда наразылық шеруінің арты дүкен тонауға ұласты

Германияда өмір сүру құнының өсуіне байланысты жаппай наразылықтар мен тәртіпсіздіктер болды , деп хабарлайды Kursiv.media.
ВВС ақпаратына қарағанда, сенбі күні кешке Франкфурт қаласының орталығында тәртіпсіздікке қатысушылар дүкендерді тонаған. Осындай оқиғалар Берлин, Кёльн және Гамбург қалаларында да тіркелді. Полицияның мәліметінше, наразылық білдірушілер төтенше жағдай қызметкерлеріне отшашу, тас және бөтелке лақтырып, күш қолданған. Оларды тарату үшін су атқыш көліктер пайдаланылған.
Оған дейін мыңдаған адам негізінен бейбіт шеруге шыққан. Gen Z regelt («Z ұрпағы өз болашағын өзі қолға алады») қозғалысы ұйымдастырған акцияда мектептерді қаржыландырудың жеткіліксіздігі, өмір сүру құнының қымбаттауы, мемлекеттік шығындардың қысқаруы және міндетті әскери қызметке қарсылық білдірілді.
Германиядағы тәртіпсіздіктер Франциядағы жастардың жаппай наразылығынан кейін болды. Сенбі күні Францияда да 320 мыңнан астам адам шеруге қатысқан.
Жексенбі күні Германияның ішкі істер министрі Александр Добриндт Bild басылымына берген сұхбатында тәртіп бұзушылар мен тонаушыларды қатаң жазалауға шақырды.
Түнде полиция Франкфурттің басты сауда көшесінің едәуір бөлігін жауып, қалада көптеген адамды ұстаған.
Франкфурт, Мюнхен және Берлин билігінің мәліметінше, шеруге 18 мың адам қатысқан. Бұл ұйымдастырушылар болжаған көрсеткіштен шамамен екі есе аз. Ал неміс БАҚ-тары сенбі күні ел қалаларында ондаған мың адам наразылыққа шыққанын хабарлады.
Сарапшылардың айтуынша, ескі демократия елдерінде әлеуметтік жік күшейіп, наразылық артып келеді.