Алматыда пәтеріне пікір жазған отбасын қорқытқан ер адам 10 тәулікке қамалды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Алматыда пікір жазған отбасын қорқытқан ер адам 10 тәулікке қамалды / Фото: Алматы полициясы

Алматыда 31 жастағы азамат Павлодардан келген отбасыға тіл тигізіп, қорқытқаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Келіспеушілік жалға алынған пәтерге қатысты жазылған жағымсыз пікірден кейін туындаған, деп хабарлайды KursivMedia.

Полиция мәліметінше, бұл отбасы баласын медициналық тексеруден өткізу үшін Алматыға келіп, уақытша баспана жалдаған. Алайда пәтердің жағдайы хабарландыруда көрсетілген талаптарға сай болмай шыққан соң, тұрғындар теріс пікір қалдырған.

Осыдан кейін оларға хабарласқан белгісіз адам пікірді өшіруді талап етіп, арты балағаттау мен доңайбат көрсетуге ұласқан.

Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оқиғаға қатысы бар 31 жастағы азаматты анықтап, жиналған материалдарды сотқа жолдады.

«Сот шешімімен ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», – деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары тұрмыстық келіспеушіліктерді тек заң аясында шешу қажеттігін, ал қорқыту, тіл тигізу және сес көрсету сияқты әрекеттерге қатаң құқықтық баға берілетінін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыз