Чехияда жұмысқа тұрғызамын деп 100-ден астам адамды алдаған

Астанада Чехияға жұмысқа орналастырамын деген сылтаумен алаяқтық жасады деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Kursiv Media.
Полиция мәліметінше, оның әрекетінен 100-ден астам адам зардап шеккен. Елордалықтардың бірі күдіктіге 800 мың теңге ақша берген.
Күдіктіні Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері қолға түсірді. Тергеу нұсқасы бойынша, ол әлеуметтік желілерде Чехиядағы жоғары жалақы төленетін жұмыстар туралы хабарландырулар орналастырып отырған.
Оған хабарласқан азаматтарға жұмыс табуға, виза рәсімдеуге, құжаттар дайындауға және жұмыс берушімен келіссөз жүргізуге көмектесуге уәде берген. Алайда алдын ала төлемді алғаннан кейін өз міндеттерін орындамаған.
«Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас тәсілмен 100-ден астам азаматты алдауға қатысы бар екені анықталды», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Қазіргі таңда тергеушілер өзге де зардап шеккен тараптарды анықтап, келтірілген жалпы шығын көлемін нақтылауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, күдікті қамауға алынды.
Полиция азаматтарға шетелде жұмыс ұсынатын ұйымдардың қызметінің заңдылығын мұқият тексеруді және қызмет толық көрсетілгенге дейін ақша аудармауды ескертеді.