Qarmet биыл 4 млн тонна болат өндіруді көздеп отыр

Қарағандыға жұмыс сапарымен барған Тоқаев Qarmet компаниясының болат балқыту өндірісіндегі негізгі нысандардың бірі – конвертер цехын аралады деп жазады Kursiv Media.
Президентке домна пешінде алынған сұйық шойынның болатқа қалай айналатыны көрсетілді. Одан кейін дайындалған болат үздіксіз құю қондырғысына, кейін илемдеу цехына жіберіледі.
Компания мәліметінше, 2024 жылы №1 және №2 конвертерлерге күрделі жөндеу жүргізіліп, олардың корпустары толық ауыстырылған. Жаңа жабдықтар өндіріс көлемін арттыруға, өнім түрлерін көбейтуге және құрылғылардың жұмыс сенімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цехтағы кейбір технологиялық үдерістерді табиғи газға көшіру жұмыстары жүріп жатыр.


Кездесу барысында Qarmet директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев компанияның өндірістік көрсеткіштері мен инвестициялық жобалары туралы баяндады.
2026 жылдың қорытындысы бойынша компания 4 млн тонна болат, 3,6 млн тонна көмір және 3,9 млн тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр.
Компания жұмысын бастағаннан бері өндірісті жаңғыртуға және жаңа өнеркәсіптік нысандар салуға 2,7 млрд доллардан астам инвестиция салынған.
Айта кетейік, Qarmet – толық өндірістік циклі бар Қазақстандағы ірі тау-кен металлургия компанияларының бірі. Кәсіпорында шамамен 35 мың адам жұмыс істейді. Оның 14 мыңнан астамы Теміртаудағы металлургия комбинатының қызметкерлері.
Оқи отырыңыз: