Зеленский Путинмен кездесуге дайын екенін айтып, Түркияға шақырды

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің редакторы
фото: Владимир Зеленский телеграм арнасынан

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинмен Түркияда жеке кездесуге дайын екенін айтты, деп жазады Kursiv.Media.

Оның пікірінше, Украина мен Ресей делегациялары арасындағы келіссөздер соғысты тоқтатуға көмектеспеген. Сондықтан енді маңызды шешімдерді екі елдің басшылары тікелей талқылауы керек. Зеленский бұл туралы CNN Türk телеарнасына берген сұхбатында айтты. Оның айтуынша, Украина тарапы келіссөзді Түркияда өткізу идеясын қолдайды. Себебі Анкара Мәскеумен де, Киевпен де байланыс орнатқан және бұған дейін де келіссөздер ұйымдастыруға атсалысқан.

«Иә, біз дайынбыз. Бұл кездесуді Түркияда өткізуге келісеміз», – деді Зеленский.

Украина президенті Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанның рөлін де атап өтті. Оның сөзінше, Ердоған Ресей басшылығымен байланысын үзген жоқ және келіссөздерге араағайын бола алады.

Сұхбатта Зеленский бұған дейін Украина мен Ресей өкілдері Түркияда бірнеше рет кездескенін еске салды. Екі елдің жұмыс топтары Біріккен Араб Әмірліктерінде де келіссөз жүргізген. Бірақ ол кездесулерге қарамастан, соғыс әлі жалғасып келеді. Сондықтан Украина президенті енді екі ел басшысының тікелей жүздесуі қажет деп санайды.

«Көшбасшылардың кездесуі қажет. Біздің қоғам соғыстың аяқталғанын қалайды және бұған қол жеткізуге болады деп сенеді», – деп атап өтті Украина президенті.

Осыдан бір ай бұрын Владимир Путин де келіссөздерге дайын екенін, бірақ ұсыныстарды әлі қарастырып жатқанын айтқан еді.

Ал қазанның соңында АҚШ президенті Дональд Трамп Путин мен Зеленскийдің кездесу «өте жақын арада» болатынын айтқан, бірақ нақты датасын атамаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз