Аустралиядан келген асыл тұқымды қой Ақмолаға жеткізілді

Ақмола облысының Ерейментау ауданында 10 мың бас қойға арналған бордақылау алаңы іске қосылды. Жоба аясында Аустралиядан әуе арқылы дорпер тұқымды 1 100 асыл тұқымды қой жеткізілді, деп жазады Kursiv.Media.
Бұған дейін бір отар қой ұшақпен Астанаға халықаралық әуежайына қонғанын жазған едік. Енді асыл тұқымды ұсақ мал тікелей фермаға жеткізілді. Оларға арнап Ерейментау ауданында мал өсіру орталығы салынған. Аустралиялық қойлардың ендігі күтіміне жауапты – «Ерейментау-Астық-2014» ЖШС кәсіпорны.
Олар жалпы саны 4 мың бас қой сатып алуды жоспарлап отыр. Жоба «Береке» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, биыл өңірде үш асыл тұқымды мал өсіру орталығын, 150 мың басқа арналған алты бордақылау алаңын және ет өңдеу кешенін салу көзделген.
«Әрбір асыл тұқымды мал өсіру орталығының өзіндік мамандануы болады. Ерейментау және Қорғалжын аудандарында қалмақ және қазақтың ақбас ірі қара тұқымдарын, сондай-ақ дорпер қойларын өсіру жоспарланған. Ақкөл және Зеренді аудандары ангус, герефорд тұқымды ірі қара мен дорпер қойларын өсіруге бейімделеді. Ал Біржан сал ауданында австриялық серіктестермен бірлесіп, симментал тұқымды ірі қара өсіретін репродукторлық кешен құрылады», – деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Айта кетейік, «Ерейментау-Астық-2014» компаниясы өткен жылдан бері Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктеріне қой етін экспорттап келеді. Жаңа жоба кәсіпорынның өндірістік қуатын арттырып, экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Вице-премьер Нұртілеу Моңғолиядан 500 мың ешкі сатып алды