Атаулы әлеуметтік қолдау қайта қаралып, мұғалімдерге жүктеме азаяды – Жұманғарин 

Жарияланды
Жұманғарин мұғалімдердің жүктемесі азаятынын айтты/ үкімет

Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсету жүйесін өзгерту және білім беру саласындағы артық есептілікті қысқарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру көзделген. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.

Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың жаңа цифрлық тәсілдерін сынақтан өткізу аяқталады. Бұдан кейін әлеуметтік қолдау көрсетуде мұқтаждық қағидатын енгізу бойынша түсіндіру жұмыстары басталады.

«Жыл соңына дейін отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың жаңа цифрлық тәсілдерін пилоттық сынақтан өткізу аяқталады. Оны енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталады», – деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін учаскелік мамандардың жалақысын еңбек өтілі мен жұмыс жүктемесіне қарай қосымша төлемдер арқылы арттыру жоспарланған.

Білім беру саласында балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтау тетіктерін әзірлеу мәселесі қарастырылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды 2027 жылдың соңына дейін пысықтау көзделген.

Бұдан бөлек, педагогтердің қағазбастылығын азайтуға басымдық берілмек. Атап айтқанда, цифрлық платформалар мен ақпараттық жүйелердегі есептердің санын қысқарту арқылы мұғалімдердің артық жүктемесін төмендету жоспарланып отыр.

Отырыста ол ел өңірлерінде әуежай қашан пайдалануға берілетінін де айтты.

Сондай-ақ оқыңыз