Атыраулық екі тұрғын тікелей эфирдегі сөздері үшін полицияға жеткізілді

Атырау облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде құқық бұзушылыққа жол берген 38 және 39 жастағы екі әйелді тапты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Өңірлік Полиция департаментінің мәліметінше, олардың үстінен үш әкімшілік іс қозғалған. Екі әйел де полиция басқармасына жеткізілді. Әкімшілік істер ұсақ бұзақылық, құқыққа қайшы контент тарату, сондай-ақ, бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім кию фактілері бойынша қозғалды.
Жинақталған материалдар сотқа жіберілді.
Бұдан бөлек, теологтың қатысуымен әйелдермен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Оларға заңнама талаптары, қоғамдық мінез-құлық нормалары және мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Полиция департаменті әлеуметтік желілер пайдаланушыларды заңсыз әрекеттері үшін жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Кез келген құқық бұзушылыққа, соның ішінде тікелей эфир кезінде жасалған әрекеттерге де құқықтық баға беріледі.
Айта кетейік, осыған дейін Атырауда TikTok-та балағат сөз айтқан оқушының ата-анасы жауапқа тартылған еді.