Конституциялық сот әкеліктен бас тарту құқығын қайта қарайды

Жарияланды
Конституциялық сот әкеліктен бас тарту құқығын қайта қарайды/ gov.kz

Конституциялық сот азаматтың әке болуды даулау құқығына қатысты өтінішін қарады. Іс барысында «Неке және отбасы туралы» кодекстің әке болуды даулау тәртібін реттейтін нормаларының конституцияға сәйкестігі талқыланды, деп жазады Kursiv.Media.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер азамат баланың тууын тіркеу кезінде өзінің биологиялық әкесі емес екенін білген болса, кейіннен әке болуды даулай алмайды.

Өтініш беруші бұл шектеу оның сот арқылы қорғалу құқығын бұзады деп санайды. Оның пікірінше, баланың анасымен некесі бұзылғаннан кейін де биологиялық әкесі емес адамның баланы асырау және тәрбиелеу міндеттері сақталады. Бұл жағдай оның басқа да құқықтық міндеттеріне әсер етеді.

Іс материалдарына сәйкес, азамат баланың биологиялық әкесі емес екенін біле тұра, туу туралы құжатта өзін әкесі ретінде көрсетуге ерікті түрде келісім берген. Кейін некесі бұзылған соң, ол сотқа жүгініп, баланың туу туралы акт жазбасынан өзі туралы мәліметтерді алып тастауды талап еткен.

Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оның талабын қанағаттандырудан бас тартқан. Соттар азаматтың әке болуды өз еркімен мойындағанын және оған қысым жасалғанын,  ерік білдіруіне кедергі болғанын растайтын дәлелдердің жоқ екенін негізге алған.

Конституциялық сот отырысына өтініш берушінің өкілімен қатар, құрылтай, бас прокуратура, әділет министрлігі, оқу-ағарту министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық және бірқатар заңгерлік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конституциялық соттың қорытынды шешімі конституциялық заңның 65-бабына сәйкес соттың ресми сайтында жарияланады. 

Сондай-ақ оқыңыз