Отбасы банк «Наурыз» ипотекасы бойынша аймақтарға жеке лимит ашуды ұсынды

Отбасы «Наурыз» бағдарламасы бойынша Астана, Алматы және Шымкенттен бөлек өзге аймақтарға жеке лимит ашуды ұсынды. Бұл туралы банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты деп жазады Қазақпарат.
Ибрагимованың сөзінше, соңғы үш жылда бағдарлама қатысушыларының 60-70 пайызы яғни шамамен 5-6 мың отбасы Астана, Алматы және Шымкентті таңдаған. Ал жыл сайын бұл бағдарламамен 8-10 мың отбасы баспаналы болады.
«Жезқазған және басқа қалалар үшін 100 немесе 200 пәтер деген жеке лимит ашуға болар еді», – деді ол Астанада өткен форумда.
Ибрагимованың айтуынша, өңірлерге арналған жеке лимиттер жергілікті тұрғындардың баспана сатып алу мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, аймақтардағы жылжымайтын мүлік нарығындағы сұранысты да қолдауы мүмкін.
Банк басшысының Жезқазғанды тілге тиек етуі бекер емес. Ол жақында іссапармен Ұлытау өңірінде болған. Сол кезде Жезқазғандағы тұрғын үйлердің біршамасы ескіргенін айтып, жаңа кешендер салу керек екенін айтқан. Сөзінше, осы арқылы өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға да көмектесуге болады.
Оқи отырыңыз: «7-20-25» бағдарламасына 2027 жылы 100 млрд теңге бөлінеді