Шахмұрат Мүтәліпке сатылар алдында «Алтыналмас» тағы бір еншілес компаниясын жапты

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media коллажы. бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы ірі бизнестің жаңа «жұлдызы» Шахмұрат Мүтәліп сатып алуға ниетті «Алтыналмас» компаниясы меншігіндегі тағы бір компанияны жапты. «АА Торговый Дом» Жауапкершілігі шектеулі cepiктестігі кәсіпорын иелігінен шықты, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қаржы есептілігі депозитарийіндегі хабарламаға сәйкес, «Алтыналмас» 10 пайыздан көп акциясын иеленетін компаниялар саны – 10.

Олардың қатарында «Met Miner» ЖШС, «AA Estate» ЖШС, «Қазақ алтын» компаниясы, «Ақбақай тау-кен металлургиялық комбинаты», «Алтыналмас Technology» ЖШС, «Ақсу Technology» ЖШС, «Степногорск» қонақ үйі, «Қазақалтын Technology» ЖШС және Altynalmas Reagents компаниясы бар.

Бұған дейін «Алтыналмас» компаниясы тағы бір кен орнын иелігінен шығарған. Ол – осыдан бірнеше жыл бұрын қызметкерлер мінген автобус апатқа ұшырған «Майқайыңалтын» кеніші.

Мүтәліптің алтын шығаратын компанияны сатып алуы

«Алтыналмастың» кен орындары Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Абай облыстарында орналасқан. Компания 1993 жылы құрылған және бүгінде геологиялық барлаудан бастап, дайын Доре қорытпасын шығаруға дейінгі толық циклді қамтиды.

Биыл Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлер қатарына енген Шахмұрат Мүтәліп ірі алтын компанияның бірі – «Алтыналмасты» сатып алтыны наурызда нақты белгілі болған. Сол кезде Мүтәліпке тиесілі Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы «Алтыналмас» АҚ-ның 100% акциясын сатып алу туралы келісімшартқа қол қойған.

Десе де мәміле қашан толық жабылатыны белгісіз, кәсіпкердің сөзінше, аталмыш келісім қаржы және заңдық тұрғыдан өте мұқият пысықтауды талап етеді.

Шахмұрат Мүтәліп Forbes Kazakhstan журналының 2026 жылғы ең бай бизнесмендер рейтингінде 22-орынға көтерілді.  

Компанияның қазіргі акционері – Нидерландта тіркелген Gouden Reserves B.V.. 2026 жылғы 30 маусымдағы есеп бойынша оған «Алтыналмастың» дауыс беретін акцияларының 66,39%-ы тиесілі. Екінші ірі акционер – кәсіпкер Владимир Жұманбаев, оның үлесі 22,63%. Қалған 10,98% басқа жеке тұлғаларға тиесілі. Gouden Reserves B.V.-дің түпкі бақылаушысы – AO Family Trust атынан әрекет ететін AO Trustee Pte Ltd. 

Сондай-ақ оқыңыз