Арал–Каспий автожолы 2028 жылдың соңына дейін аяқталады

Қазақстанда Арал өңірінен Каспий жағалауына дейін баратын жаңа автожол салынып жатыр. Жобаның құны шамамен 800 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын 2028 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жол пайдалануға берілсе, Арал ауданынан Ақтауға бір күнде жетуге мүмкіндік туады. Оның айтуынша, Арал–Каспий жобасы аясындағы құрылыс жұмыстары тамыз айында басталған. Қазір нысанда 500-ден астам техника мен мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр.
«Бұрын мұндай екі өңірді байланыстыратын үлкен автожолдар салынбаған. Бұрын салынып жатқан жолдардың барлығы қайта жаңғыртудан өтіп жатыр, олардың бұрыннан ізі болған. Ал Арал–Каспий жолы айдалада, құмның арасында салынып жатыр», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жаңа жол Сексеуіл кентінен басталып, Бейнеуге дейін созылады. Бейнеуден Ақтауға дейінгі автожол бұрыннан бар. Осылайша, жоба Арал өңірі мен Маңғыстау облысы арасындағы көлік қатынасын жеңілдетеді. Сонымен қатар, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің маңында орналасуы өңірлердің сауда-экономикалық байланысын дамытуға мүмкіндік береді.
Қызылорда мен Ақтөбені жалғайтын жол да салынып жатыр
Арал–Каспий жобасымен қатар, Қызылорда мен Ақтөбе қалаларын байланыстыратын тағы бір ірі автожол құрылысы жүріп жатыр. Ол үш учаскеден тұрады: Қызылорда–Сексеуіл, Сексеуіл–Ұлғайсын және Ұлғайсын–Ақтөбе.
Жобаның жалпы ұзындығы шамамен 1 200 шақырым, құны 2,2 трлн теңгеге жуық. Қазір оның алғашқы кезеңіндегі Ұлғайсын–Ақтөбе бағытында 28 шақырым жол салынып, көлік қозғалысына ашылған.
Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, екі ірі жобаның құрылысы да Үкіметтің бақылауында. Бастапқы жоспар бойынша жұмыстарды 2026–2029 жылдары аяқтау көзделген. Алайда қазір мердігерлермен құрылысты мерзімінен бұрын бітіру мәселесі қарастырылып жатыр.
«Біздің жоспар бойынша, 2026–2029 жылдары толық құрылысын аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беру көзделген. Дегенмен, мердігерлермен жұмыс істеп жатырмыз, 2028 жылы аяқтауға күш салып жатырмыз», – деді ол.
Тағы да оқыңыз: Тоқаев үш ірі автожол құрылысын бастап берді