Экономиканың нақты секторындағы алғашқы әйел министр: Әсел Жанасова жайлы не белгілі

Жарияланды
Көлік министрі Әсел Жанасова/ үкімет

Президент жарлығымен Әсел Жанасова премьер-министрдің орынбасары – көлік министрі болып тағайындалды. Ол экономиканың нақты секторына келген алғашқы әйел министр болып отыр. Kursiv.media тілшісі жаңа көлік министрінің өмірбаянын шолып шықты.

Әсел Жанасова 1987 жылы 8 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген.  Алматыдағы республикалық физика-математика мектебін тәмамдаған. 2010 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясымен Кембридж университетін бітірген. 2014 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Executive Management» бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін алған.

Ол еңбек жолын 2010 жылы Лондонда орналасқан Eurasian Natural Resources Corporation (ERG) компаниясында ақпараттық технологиялар саласында бастаған. Бұл оқиғаны  министрдің өзі өмірінде болған ең сәтті жағдай деп бағалайды. 2014-2016 жылдары Қазақстан Ұлттық банкінің банктік сервис бюросында кеңесші, кейін Ұлттық банктің цифрлық технологиялар департаменті директорының орынбасары болған.

2016-2017 жылдары «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингінің басқарма төрайымы қызметін атқарды. 2017-2020 жылдары Астана халықаралық қаржы орталығында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

«Басшылықта тек ер адамдар болуы керек деген таптаурынды бұзып келеміз»

Әсел Жанасованың 2018 жылы Manshuq сайтына берген сұхбатында өміріндегі басты құндылық отбасы екенін айтқан.

«Зердеден» АХҚО-ға бір жыл бұрын ауыстым. Себебі тұрмысқа шығып, өмірімдегі басты басымдықты отбасы деп белгіледім. «Зердеде» бірінші басшы болдым, жұмыс жүктемесі өте ауыр еді. Ал АХҚО-да жұмыс пен отбасын қатар алып жүруге, өзіме және жеке дамуыма уақыт бөлуге мүмкіндік бар. Оған қоса, АХҚО-да алдымда көптеген қызықты міндет тұр. Мұнда бәрі жаңадан құрылып жатыр. Мен орталықтың IT стратегиясына және Қазақстандағы қаржы технологияларын дамытуға жауап беремін. Ұлттық банкте әзірлеуге қатысқан стратегияны енді АХҚО-да жүзеге асыруға мүмкіндік алдым»,- деген.

Жанасова сол кезде IT саласында ер адамдар басым. Бірақ бұл таптаурынды бұзып келе жатқанын жеткізген.

«Бұл салаға әйелдер де көбірек келіп жатыр. Олардың арасында, тіпті шетелде де, IT компанияларын басқарып отырғандар бар. Менің ойымша, өмірлік мамандықты таңдағанда, ең алдымен өз қалауыңа сүйену керек. Егер жұмыс ұнамаса, одан ләззат алмасаң, оған уақытың мен күшіңді жұмсаудың қажеті жоқ. Ал арманың болса, ісіңнен ләззат алсаң, қандай кедергі кездессе де, нәтиже міндетті түрде болады»,- деген еді Жанасова.

Ол 2020 жылдың шілдесінен 2022 жылғы қыркүйекке дейін сауда және интеграция вице-министрі болды.

Жанасова басқарған «Қазпошта»: пайда, орындық дауы және Fast Track

2022 жылғы қазаннан 2025 жылғы маусымға дейін «Қазпошта» АҚ басқарма төрайымы қызметін атқарды.

«Қазпошта» компаниясын басқарған кезде Әсел Жанасова шығындарды оңтайландыру, электронды сауданы және басқа да қаржылық қызметтерді дамыту нәтижесінде компания соңғы бес жылда алғаш рет шығыннан шығып, таза пайда тапқанын айтқан.

Ол ұлттық пошта қызметін басқарған кезде 27 мың орындықты жалға алу мәселесіне қатысты резонанс туындады. Алайда «Қазпошта» 27 мыңнан астам орындықты 400 млн теңгеге жалға алды деген ақпаратты жоққа шығарды. Компанияның мәліметінше, шын мәнінде, 4 587 орындықты 64,7 млн теңгеге бөліп төлеу шартымен сатып алған. Бір орындықтың құны – 14 112 теңге. Компания орындықтардың қызметкерлер мен клиенттерге арналғанын түсіндірді. Бұған дейінгі жиһаз үш жыл ішінде тозып, жарамсыз болып қалған. Ал жаңа орындықтардың ақысын компания мемлекеттік бюджеттен емес, өз қаражатынан төлеген.

Компания бір жыл ішінде еліміздің бірнеше өңірінде 270 млн теңгеден астам қаржы жымқыру дерегін анықтаған.

Жанасова басқарған кезде «Қазпоштада» Fast Track сәлемдемелерді жылдам жеткізу қызметі іске қосылды.

2025 жылғы маусымда Әсел Жанасова президент кеңесшісі болып тағайындалып, сол жылдың желтоқсанында президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне ауысты. Бұл қызметті 2026 жылғы 3 қарашаға дейін атқарды.

Әсел Жанасова қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Екі баланың анасы. 2024 жылы Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйелдің рейтингіне енген. Дәл осы жылы Азиядағы әйелдер көшбасшылығын қолдайтын беделді халықаралық бағдарламаның стипендиаты атанған.

2025 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жас жаһандық көшбасшысы».

Тағы да оқыңыз: 25 жылдан кейін Қорғаныс министрінің орынбасары болған екінші әйел жайлы не белгілі

Сондай-ақ оқыңыз