Мұнай өндірісі азайған: Қашаған мен Теңіздегі жөндеу жұмыстары кейінге қалдырылды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: ncoc.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстан 2026 жылдың 9 айында 69,4 миллион тонна мұнай мен 47,4 млрд текше метр газ өндірген. Былтыр осы кезеңде өндірілген мұнай 75,7 млн тоннадан асқан болатын. Мұнай өндірісінің азаюына Каспий құбыр консорциумы нысандарына дрон түсуі және Теңіз кен орнындағы өрт әсер еткен.

Осы шығынның орнын толтыру үшін Теңіз бен Қашағандағы жоспарлы жөндеу жұмыстары 2027 жылға ауыстырылды.

Премьер-министр бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, қазір компаниялар өндіріс көлемін арттыруға тырысып жатыр.

«2025 жылы Теңізде іске қосылған Келешек кеңейту жобасы мұнай өндірісін жылына 12 миллион тоннаға көбейтуге мүмкіндік береді. Ал жыл соңына дейін Қарашығанақта газды кері айдайтын алтыншы компрессор пайдалануға беріліп, мұнай өндіруді жылына 10–11 миллион тонна деңгейінде ұстап тұруға жағдай жасайды», – деді ол.

Теңіздегі өрт пен дрон шабуылы

Қазақ мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын «Каспий құбыр консорциумының» Қара теңіз жағалауындағы инфрақұрылымына 2025 жылдың қараша айында дрон түсіп, мұнай құятын үш айлақ құрылғысының біреуі істен шыққан еді.

Осы шабуылдың салдарынан ел кемінде 480 мың тонна мұнай өндіре алмай, шамамен 225 млн доллар шығынға батты.

Өндіріс пен экспорттың тоқтап қалмауына мүдделі болған қазақ үкіметі сол кезде екі қымбат құрылғы Біріккен Араб Әмірліктерінен сатып алынғанын хабарлаған болатын. Оған қоса бұған дейін жөндеуге жабылған үшінші құрылғы мерзімінен бұрын іске қосылды.

2026 жылы 19 шілдеге қараған түні Новороссийск маңындағы КҚК терминалына дрон шабуыл жасады. Соққы ВПУ-1 және ВПУ-3 айлақтарында тұрған «ASIA» және «NISSOS IOS» танкерлеріне тиді.

Ал 20 шілде күні Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалындағы танкерге тағы да дрон шабуыл жасады.

Жыл басында Теңіз кен орында үш бірдей электр трансформаторы өртенді. Трансформаторлардағы өрт қаңтардың 18-інде болып, соның кесірінен газ турбиналы қондырғылар сөніп қалған.

Осы оқиғадан кейін Теңіздегі мұнай өндіру жұмыстары бір айға жуық уақытқа тоқтап тұрды. Алайда өрттің неден шыққаны туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз