Теміртауда мүгедектігі бар адамдардың көмекшілеріне 5 млн теңге заңсыз төленген

Теміртау қаласының прокуратурасы мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшілеріне 5 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз есептелгенін анықтады. Тексеріс барысында елде болмаған немесе іс жүзінде қызмет көрсетпеген туыс-көмекшілерге ақша төленіп келгені белгілі болған, деп жазады Kursiv.Media.
Прокурорлар әлеуметтік қызмет көрсету саласын талдау кезінде бірқатар бұзушылықтар әшкере болған. Атап айтқанда, бірінші топтағы мүгедектігі бар жандарға күтім жасайтын кейбір адамдар орындалмаған жұмыс үшін жүйелі түрде ақы алып отырған.
Заң бойынша жеке көмекшінің қызметі жүріп-тұруы қиын азаматтарға күніне 8 сағаттан аспайтын көлемде ұсынылады және төлем тек нақты істелген уақыт үшін жүргізілуге тиіс.
Ал көмекшілердің бірі 2026 жылдың сәуір айында 240 сағат қызмет көрсеттім деп құжат тапсырған. Алайда тексеру кезінде оның сәуірдің 16-сы мен 24-і аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында демалып жүргені анықталған. Осыған қарамастан, шетелде болған күндері де есепке енгізіліп, бюджеттен ақша төленген. Осындай бірнеше факті тіркелді.
Прокурорлық қадағалау шараларынан кейін заңсыз алынған 5 млн теңгеден астам қаражатты туыс-көмекшілер мемлекет бюджетіне ерікті түрде қайтарды.
Бұған дейін СҚО прокурорлары 5 млрд теңгелік зауыттың құрылысын тежеген мәселені шешкенін жазған болатынбыз.