Yandex-тегі ақаудан кейін таксистер мен курьерлерге өтемақы төлеу ұсынылды

Қазақстанда цифрлық платформалардағы техникалық ақаулар салдарынан тапсырыс қабылдай алмай, табысынан айырылған такси жүргізушілері мен курьерлерге өтемақы төлеу тетігін әзірлеу ұсынылды. Сондай-ақ платформалар ұзақ уақыт істемей қалған жағдайда азаматтардың табысын қорғау шараларын қарастыру қажет. Бұл бастаманы «Әділет» партиясы фракциясының депутаттары Гүлзира Атабаева мен Екатерина Смышляева көтерді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Депутаттар бұл мәселені цифрлық платформаларға тәуелді азаматтар санының артуымен байланыстырып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанда 35 интернет-платформа арқылы қызмет көрсеткен 956 мыңға жуық орындаушы болған.
Yandex Go жұмысындағы ақау табысқа әсер етті
Депутаттар Yandex Go сервисінде болған техникалық ақауды мысалға келтірді. Оның салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлер біраз уақыт тапсырыстан қағылып, табыс таба алмаған. Бұған қоса, кейбір орындаушылардың тапқан ақшасын шығарып алуда қиындықтарға тап болғаны туралы хабарламалар түскен.
Депутаттардың айтуынша, бұл жағдай бір ғана цифрлық платформаның жұмысындағы ақау жүздеген мың адамның жұмысына және табысына әсер етуі мүмкін екенін көрсетті.
«Бұл жағдай бір ғана жеке цифрлық платформаның техникалық ақауы жүздеген мың азаматтың жұмыспен қамтылуы мен табысына тікелей әсер етіп, олардың бір мезетте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылуын көрсетті», – делінген депутаттық сауалда.
Депутаттар үкіметке қандай ұсыныс айтты
Осыған байланысты депутаттар Үкіметке үш ұсыныс жолдады:
- платформалық жұмыспен қамтудың еңбек нарығына төндіретін тәуекелдеріне кешенді баға беру;
- цифрлық платформалар жаппай істен шыққан жағдайда мемлекеттік органдар мен операторлардың бірлесіп әрекет ету жоспарын әзірлеу;
- ұзаққа созылған ақаулар кезінде орындаушылардың құқығын қорғау тетіктерін енгізу.
Жоспарда азаматтарға ақау туралы жедел хабарлау, тапсырыс қабылдауды қалпына келтіру және табысынан айырылғандарға өтемақы төлеу тетіктері қарастырылуы мүмкін. Депутаттар платформалық жұмыспен қамтуды дамыту кезінде азаматтардың тек жұмыс істеу мүмкіндігін ғана емес, сол арқылы табатын табысының тұрақтылығын да ескеру қажет екенін атап өтті.
Еске салсақ, 11 қазанда таңертең Yandex Go сервисі істемей қалған. Соның салдарынан такси шақырғысы келген көптеген адам inDrive қосымшасына көше бастады. Алайда жолаушылар саны күрт көбейгендіктен, такси табу қиындап, жолақы бағасы да өсті.
Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Яндекс» сервистерінің жұмысындағы ақауға байланысты мәлімдемесінде такси және жеткізу қызметтеріне қажетті кейбір технологиялық компоненттер шетелде орналасқанын мойындады.
Yandex сервисінің жұмысындағы іркіліс елде отандық цифрлық платформаларды құру қажеттігін күн тәртібіне қайта шығарып отыр. IT-сарапшы Нұржол Табиғат елімізде мұндай платформа құруға техникалық мүмкіндік мол деп санайды.